Астаналықтар үшін маңызды жеңілдікті алып тастайды

0
7

Қоғамдық көліктерде барлығына бірдей 60 минуттың ішінде басқа автобусқа ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. «City Transportation Systems» компаниясы (бұрынғы «Astana LRT» ЖШС) жаңа тарифтерді енгізу аясында бір сағаттың ішінде екінші автобусқа тегін ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 28 наурыздан бастап жаңа тарифтер енгізіледі. Соған сәйкес, барлығына бірдей 60 минуттың ішінде басқа автобусқа ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды. Ондай мүмкіндік тек екі тариф кезінде ғана сақталады. Олар:
• 15 сапар – 2000 теңге;
• 30 сапар – 4 000 теңге;

Алайда астаналықтар жаңадан енгізілетін екі тарифтің жеңілдігі көп емес деп санайды. Ал кейбір азаматтар үшін ондай жеңілдік мүлдем сезілмейді.

«Мысалы, мен 15 сапарды 2 000 теңгеге сатып алсам, 90 теңгеден 15 сапардың өз бағасы 1 350 теңге болады. Сонда арғы жағында 650 теңгені мен «тегін ауысып отыруға» өзім төлеп тұрмын. Бұл – 7 рет ауысып отыру. Енді, мен күнде ауысып отырмасам, өз ақшама жүретін болып тұрмын ғой. Бұл жерде ешқандай жеңілдік жоқ», – дейді қала тұрғыны Қайырбек Жұматаев.

Ал Нұрлан Жақиянов күнде жұмысына екі автобуспен ауысып барады. Ол да өз шығындарын есептеп шықты.

«Мен 30 сапарды сатып алсам, тура сонша ауысып отырамын ғой. Ондай тарифтің бағасы 4 000 теңге дейді. 30 сапардың өз бағасы 2 700 теңге болса, арғы жағында 1 300 теңгеге мен 14 «тегін ауысып отыруды» сатып аламын. Маған тағы 16 рет басқа автобусқа отыру керек. Демек, соны маған жеңілдік ретінде беріп отыр. Былай қарасаң, бұрын шексіз ауысып отырулар болса, енді соның жартысын алып қоймақшы», – дейді Жақиянов.



sputniknews.kz