астаналық жігіт әскери жиынға неге барғанын айтты

0

Нұр-Сұлтанда коронавирус індетіне байланысты арнайы жиындарға шақырылған ер азаматтар әскери борышын орындауға кірісті. Бірі қаладағы дезинфекциялық шараларға қатысса, енді бірі блок-бекеттерде кезекшілік атқарып жүр

Sputnik Қазақстан тілшісі Арман Асқар астанадағы блок-бекеттердің бірінде болып, әскерилердің жұмысын көріп қайтты.

«Үйде жатқым келмеді»

Мейірхан Нақыпов арнайы жиындарға өз еркімен барды. Бұған дейін мерзімді әскери қызметін «Айбын» президенттік полкінде атқарған. Ал әскерден кейін спорт саласына ауысты.

«Мен өзім жүзуден бапкермін. «Қарлығаш» балабақшасында істеймін. Төтенше жағдайды жариялағаннан кейін үйде жатқым келмеді. Халқыма қызмет етейін деп арнайы жиындарға бардым. Бойдақпын, жасым 26-да», — дейді Нақыпов.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Мейірхан Нақыпов жүргізушінің рұқсат қағаздарын тексеріп жатыр

Оның айтуынша, блок-бекетте кезекшілік атқаратын жігіттерді таңғы сағат 6:00-де алып кетеді де, шұғыл штабқа апарады. Сол жерде барлығы сапқа тұрып, нұсқау алады. Осыдан кейін блок-бекеттерге таратады. Әрбір бекетке 5 адамнан жіберіледі. Олармен бірге десантшылар, полиция, шұғыл әрекет ету отряды, медицина мамандары мен шұғыл штаб өкілдері де қызмет атқарады.

Адамдарды өткізу тәртібі қандай?

«Біз көліктер мен адамдарды өткізу шараларына атсалысамыз. Көліктер екі жақтан да келе береді. Халық та солай. Мысалы, басқа жақтан келген адам Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты тіркеуде тұрса, біз оның мәліметтерін базаға жібереміз. Мәліметтері расталса, ол адам арнайы қағаз толтырады. Медициналық тексерістен өтеді. Бәрі дұрыс болса, қалаға кіргеннен кейін 14 күн бойы үй карантинінде отыруға келісім береді», — дейді Нақыпов.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтан қаласындағы блок-бекет

Сол сияқты қаладан шығатын адам басқа қалада тұрақты тіркеуде тұрса, шығуға рұқсат бар. Бірақ алдымен оның барлық мәліметтерін қарайды. Одан кейін медициналық тексерістен өту керек. Астанадан шығатындардың көбісі жұмыс бабымен жүреді. Дегенмен, отбасы мәселесіне қатысты шығатын адамдар да бар.

«Негізі, Нұр-Сұлтанда тұрақты тіркеуде тұрған азаматтарды шығаруға болмайды. Алайда отбасы жағдайына байланысты рұқсат беріледі. Мысалы, отбасы бір қалада, ал әкесі осында қалып қойды. Ол шығамын десе, штаб бәрін жан-жақты қарайды. Рұқсат берсе, шығарамыз», — дейді Нақыпов. 


©
Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтан қаласындағы блок-бекет

Әскери міндеттілер жүк көліктерін де тексереді. Жүргізушілердің рұқсаты бар ма, жоқ па — соның бәрін қарайды. Көлік жүргізушілері де медициналық тексерістен өтеді. Егер температурасы нормадан асып тұрса, көлігі тұраққа қойылады да, дәрігерлер ол адамды жан-жақты тексереді. Жай тұмаумен өткізе береді. Ал коронавирус бар деп күмәнданса, жедел жәрдеммен алып кетеді

«Төрт сағаттай ұйықтаймыз»

Арнайы жиындарға шақырылған жігіттер 24 сағат бойы қызмет атқарады. Блок-бекеттің жанында әскери шатыр бар. Сол жерде тамақ ішеді, түнде демалады.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Әскери жиындарға шақырылған жігіттер 24 сағат бойы қызмет атқарады

«Төрт мезгіл тамақ береді. Бірақ түскі асты ішіп үлгермейміз. Себебі кіретін және шығатын адам көп болады. Сосын ана жақта біреу кішкентай баламен тұрса, тамақ ішуге ұялады екенсің. Сондай адамдарды қарап шығуға тырысамыз. Сөйтіп, қалай кеш болғанын білмей қаламыз», — дейді Нақыпов.

Оның айтуынша, түнгі сағат 00:00-ден кейін адам азаяды. Сол кезде әскери міндеттілер төрт сағаттай кезек-кезек ұйықтап алады. Бірақ бекетте міндетті түрде бірнеше адам жүреді.

Ертесінде таңғы сағат 9:00-де басқа әскери міндеттілер келеді. Ал кезекшілікті атқарып шыққандарға екі күн демалыс береді.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтан қаласындағы блок-бекет

Екі күн қалай өтеді?

«Кезекшіліктен шыққаннан кейін алдымен ұйқымызды қандырамыз. Ал екінші күні мен кітап оқимын, спортпен айналысамын. Үшінші күні осында келеміз. Бірақ блок-бекетте тұратын менің бір әріптесім ауырып қалса, мен соның орнына шығуым керек», — дейді Нақыпов.

Біз барған күні блок-бекетте бір адамды қамауға алды. Ол жүк көлігінің кабинасында тығылып, қаланың аумағына өтіп кетпекші болған.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтан қаласындағы блок-бекет

«Халыққа айтарымыз, карантин жайдан-жай енгізген жоқ. Бүгінде коронавирусты жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп келеді. Індет шарықтау шегіне дейін жеткен жоқ. Аурудың көрсеткіші төмендеуі тиіс. Соған дейін шыдай тұрайық. Карантинді де алып тастайды. Әрбір адам сақтық шараларына көбірек мән берсе, бұрынғы өмірге тезірек ораламыз», — деп түйіндеді сөзін Нақыпов.



sputniknews.kz