Астаналық ұстаздың бір күні (ФОТОРЕПОРТАЖ)
31 жастағы Кәмшат Жалалова 8 жылын ұстаздыққа арнады. Басқа мыңдаған әріптестері сияқты ол да айына тоғыз мың теңгенің жалақысынан бастап, қабат-қабат қағаз жазу мен журнал толтырумен жұмыстың барлық киындықтарына қоса жыл сайынғы реформаны бастан өткерді.
Қазір әрине, жалақысы көбейген: 60 мың теңгенің әр жақ, бер жағы. Тәлімгерлікті қатар алып табатын қосымша табысы бар. Ертеден кешке дейін мектепте не істеп жүретіндерін білу үшін мұғалімнің бір күнін бастан кешірдік.
Автобустың кестесіне «таңылған» тәртіп
Астанадағы 7 мектеп-гимназия ескі қалада, Бөгенбай батыр даңғылығын бойында орналасқан. «Шапағат», «Әлем» сауда орындарының жанында.
Міне, біздің кейіпкер Кәмшаттың жұмыс орны сол мектеп. Өзі қаланың екінші бетінде, күйші Дина көшесінде тұрады. Жұмысына дейін таңғы кептелісті қосқанда 40-50 минут кетеді. №72 бағдарының кестесін жаттап, алған, аялдамадан қай сағатта, неше минутта келетінін жақсы біледі. Автобустан кешіксе, жұмысына да кешігіп барады.
Кәмшат таңғы автобусты күтіп тұр / Фото informburo.kz
Informburo.kz тілшілерімен келіскен күні де Кәмшат әдеттегідей 06.30-да оянды. Жолдасын жұмысқа, бірінші ауысымдағы ұлын сабаққа жіберуге дайындайды. Бізді сағат тоғызға қарай шақырды. «Сағат 09.20-да жүретін автобусқа үлгерсек, мектепке де дәл уақытында барамыз» – деп бірден ескерткен.
Келіскен уақытта Кәмшатты үйінің алдында күтіп тұрдық. Кейіпкер айтқандай, сағат 09.20-да аялдамаға №72 автобус келіп тоқтады.
– Мектепке тура баратын автобус осы ғана болғандықтан, таңертең жүретін кестесін біліп алғанмын. Кешке қиындау. Өйткені, мектептен тура алтыда не жетіде шығу деген жоқ. Әр күні әр қалай. Сондықтан, кешке автобусты біраз күтіп қаламын, – дейді Кәмшат.
«Баламды балам бағады»
Студент кезінде отбасын құрған Кәмшаттың он жаста ұлы Ерболат пен сегіз жасар қызы Зарина бар. Жолдасы – құрылыс саласының маманы. «Мен әйтеуір, таңертең кешірек шығып, кешке үйге ерте келемін ғой. Жолдасымның жұмысы өте кеш бітеді» – дейді өзін жұбатқандай Кәмшат.
Сондықтан, Кәмшаттың балалары, әсіресе, үлкен ұлы ата-анасына ерте жастан қолғанат. Төртінші сыныптағы ұлын анасы таңертең 07.30-да есік алдына ғана шығарып жібереді. Мектепке дейін апаруға жұмысынан қалады.
– Ал, қызымның сабағы түсте 13.00-де басталып, кешкі сағат 17.30-да бітеді. Екеуі үйге жақын орналасқан №32 мектепте оқиды. Балам есейіп қалған, таңертең өзі кетіп, өзі келеді. Қызым ағасы келгенше жалғыз отырады. Балам сағат 12.30 шамасында үйге жетеді де шәй-тамағын ішпей, сөмкесін тастай салып, қарындасын жетектеп мектепке апарады. Түстен кейін жалғыз отырып, сағат 17.15-де қарындасын сабақтан әкеледі. Сөйтіп, мен келгенше, сағат 20.00-20.30-ға дейін екеуі үйге ие, – дейді Кәмшат.
Жұмысы «Жас ұланнан» басталады
Кептелістің азайғанына қарамастан, Кәмшат екеуміз 35 минут жүріп, мектептің аялдамасына жеттік. Айнала көктайғақ. Ұстаздың қолындағы ауыр сөмкесі жүрісімізді баяулата ма деп ойлаған едім. Бірақ, сағат онға жуықтап қалғаннан ба, Кәмшат өте тез жүреді екен. Мектептің алды бос, өйткені, сабақ әлдеқашан басталған. Іші де тым-тырыс. Екінші қабаттағы жұмыс кабинетіне жеткенше, бірнеше оқушы кездесті. Ұстаздарын танып, амандасып жатыр. Сағат 10.00-де Кәмшат ноутбугын қосып, жұмысына кірісті.
Кәмшат Жалалова «Жас ұлан» ұйымының көшбасшыларымен кездесіп тұр / Фото informburo.kz
–Тәлімгерлік дегеніміз – бұрынғы вожатый деуге болады. Республикалық «Жас ұлан» өзін өзі басқару ұйымы әрбір мектепте бар. Жұмыс тек мектеп іші емес, қалааралық. Яғни, әр мектептегі ұйым бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істеу керек. Негізгі жұмысы – жастарды шығармашылыққа, өзін-өзі басқаруға үйрету, әртүрлі мерекелік шараларды ұйымдастырып, балаларды суицидтен қорғау сияқты бағыттар. Мен осы мектептегі әр сыныптың көшбасшыларымен бірге жұмыс істеймін. Мен үйреткенді олар сыныбына барып айтады, – дейді Кәмшат.
Жалпы, Кәмшат бір сыныпты жетектеп, жаңартылған бағдарлама бойынша бірнеше сыныпқа сабақ берсе де, жалақысы аздық еткен. Сондықтан, мектепте «Жас ұлан» ұйымына тәлімгер вакансиясы ашылғанда, көп ойланбаған. Пәтері жоқ, екі балалы отбасы үшін бұл – аз да болса қосымша кіріс. Бірақ, жұмысы да көп екен.
25 бала – бес мың теңге
Тәлімгерлік жұмысын реттеп болған соң, түстен кейінгі сабағы басталғанша Кәмшат «өз балаларына» көңіл бөлуі керек. Яғни, өзі жетекші «алтыншы» сынып оқушыларын күтіп алады.
– Сыныбымда 25 бала оқиды. Түсте сабаққа келгенде күтіп алуға тырысамын, ал кешке үйге кеткендеріне көз жеткізуім керек. Сынып жетекшісі ретінде оларды күтіп алып, сабақтан кейін шығарып салу, сабақ үлгерімдерін үнемі бақылау, әр қайсысының үйінде неше адам бар, неше бала бар, ата-анасы қайда, кім болып жұмыс істейді, әлеуметтік-қаржылық жағдайлары қандай, толық отбасы ма, жоқ па, пәтерде тұра ма, өз үйі ме, ата-анасы ішімдікке құмар ма, жоқ па, ауру ма, сау ма, мінезі қандай екенін біліп отыру – міндетім. Оған қос,а олармен бірге театр, музейлерге баруым керек, концерттік бағдарламаларға бірге дайындалу, сыныптағы оқушыларымның қандай пәндерден олимпиадаларға қатысатындарын жоспарлап, білу де – мойныма жүктелген шаруа, – дейді Кәмшат.
Кәмшат жетекшілік ететін сынып оқушылары «жасұландықтармен» бірге / Фото informburo.kz
Бұл жұмысына ұстаз күнделікті нақты бір сағатын арнай алмайды. Мәселен, «Жас ұланға» жұмысы аз кезде түске дейін, сыныбына сабағы аз кезде түстен кейін, бұл екі арада уақыты болмаса, сабақтан кейін, тіпті болмаса, сенбі-жексенбі уақыт табады. Айтпақшы, осы жұмысы үшін оған үкіметтен 5 223 теңге (!) қосымша ақы төленеді.
Түстен кейін ұстаздың бізге қарауға уақыты жоқ болды
Сағат 13.00-ге дейін қолы бостау болған Кәмшат бізді осы және өзге жұмыстарымен таныстырып, «Жас ұланға» мүше озат оқушыларды көрсетті. Арасында жарты сағаттай сұхбат жаздық. Ал, сол күнгі сабағы жетінші сыныпта, сағат 12.00-де басталды. Сабағы ерте басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасқандықтан, өзі жетекші сынып оқушыларын күтіп те, шығарып салып та үлгермеді.
Біз сабақтың басына ғана қатысып, бірнеше кадр жасауға мүмкіндік алдық. Себебі, ұстазға кедергі жасайтынымыз бірден байқалды. Сыныпта бала көп, әрқайсысының пікірін тыңдап, бағалау керек. Ал, бөтен адамға «жалтақтаған» оқушылардың ойлары бөлінеді. Сондықтан, біз Кәмшатты соңғы сабағы біткенше сыртта күттік. Үйіне жиналып жатқанда, бүгінгі өткен сабақтарының мазмұнын, жалпы, жаңартылған бағдарламаның ерекшелігін айтып берді.
Кәмшат ұстаз сабақ үстінде / Фото informburo.kz
– Жаңартылған бағдарлама бойынша бесінші, алтыншы, жетінші сыныптарға сабақ бермін. Ескі бағдарлама мен жаңа бағдарламаның айырмашылығы, жаңартылған білім бағдарламасының мазмұны бойынша балалар өз ойларын еркін айтады. Және де оларға «дұрыс емес» деген сөз айтпаймыз. Оның орнына «өз ойыңды толықтыр», «тағы қалай ойлайсың» деп отырамыз. Баға қойылмайды. Тек қана сол сабаққа ұсыныс, сол тақырыпқа қалай дайындалғанына қарап, «өте керемет, жақсы дайындалыпсың, берген жауабың өте ұтымды, тағы дайындық керек» деген сияқты пікір қалдырамыз.
Күнделік.кз-те ол бағаны бала да, ата-ана да қарап, көреді. Қорытынды бағаны жиынтық бағалауға қарап қоямыз. Жиынтық баға үшін әр тарау бойынша қорытынды бақылау жұмыстарын жазғызамыз. Тоқсандық бір бақылау, әр тарау біткен сайын жиынтық бағалау жүргіземіз. Жиынтық бағалау жиырма минут ішінде жүргізіледі. Сол жиынтық бағалаудың қорытындыларын есептеп, компьютер өзі тоқсандық баға шығарады, – деп түсіндірді мұғалім.
«Күнделік»-тің амалын тапқан ұстаз
– Мектептегі жұмыстан расымен де ұстаздың «Күнделік.кз»-ке кіретін уақыты қала ма, жоқ па? – деген сұрағымызға кейіпкеріміз бір күліп алып, «уақыт табу керек» деп жауап берді.
Ұстаздар сабақ үстінде «Күнделік.кз» қосымшасын ашып отырады / Фото informburo.kz
Өзі болса, біраз уақыттан бері бұл қосымшаға ұялы телефоннан кіріп жүр екен. «Бұрын, үйренгенше ноутбуктен қосылып, бағалап жүрдік. Кейін ұялы телефонға орнатып алдым. Жақсы болды, үзіліс арасында, тіпті, асханада отырғанда да телефонымнан кіремін де бағамды қоя беремін. Ал, негізі сабаққа ноутбук алып кіреміз, бұрынғы қағаз журнал сияқты, «Күнделік.кз» қол астымызда. Балалардың көзінше телефонмен отыра алмаймыз, сондықтан, ноутбукті ашып, келген оқушыларды түгендеп, негізгі пәнімнің мақсат-міндетін жазып аламын. Ал, жалпы, ұялы телефондағы қосымшаның уақытымды үнемдейтіні рас, – дейді Кәмшат.
«Happy birthday, Зарина!»
Соңғы сабағы аяқталған соң, Кәмшат бізді есік алдынан күтіп алды. Тағы да сол «Жас ұлан» ұйымының жұмысы үшін отыратын кабинетіне барып, қағаздарын толтырды. Мектептен үйге апарып тексеретін біраз қағазын реттеген соң, сыртқа шықтық.
Кәмшат күні бойы жалғыз отырған балаларына асықты / Фото informburo.kz
Кәмшат айтқандай, кешке аялдамада біраз аялдап қалдық. №72 автобус бізді 20 минут күттірді. Таңертеңгідей емес, адам лық толы. Тұратын орын жоқ. Кептеліс те басталып кеткен, қысылған қалпы бір сағатта Кәмшаттың аялдамасынан түстік. Біз әлі оның үйде отырып, оқушылардың жұмысын тексеретін сәтімен танысуымыз керек еді.
– Уақытыңыз тығыз болмаса, мен дүкенге соқсам. Бүгін қызымның туған күні еді, тәтті әкеледі деп күтіп отырған шығар… – деді Кәмшат.
Шыны керек, таң қалдым. Түсінігімде, ана баласының туған күнінде тоқашын пісіріп, сыйлық іздеумен дүкен аралап, қонақ күтумен әлек болуы керек еді. Бірақ, аптаның жұмыс күніне дәл келген ұстаз баласының туған күні де өзгеше өтеді екен.
Қызына торт таңдап тұрған сәті / Фото informburo.kz
– Демалыста әрине қыдыртып, сыйлығын алып беремін. Ал, бүгін жұмыс күні, баламның туған күні екен деп жүз баланың сабағын босата алмаймын…босатуға болмайды. Әр күн, әр сағат есептеулі (жалақыға). Отбасым мені түсініп қолдайды. Уақыттың тығыздығынан оларға деген махаббатымның тарылмайтыны анық» – дейді Кәмшат.
Осы әңгіме айтылып болғанша ең жақын дүкенге де жеттік. Кәмшат қызына торт таңдап алды да, он минуттан соң үйіне қарай асықты. Балалары, әсіресе, қызы анасын күндегіден де тағатсыздана күтіп отыр екен.
Екі баласының сабағына екі сағаттай уақыт кетеді
Отағасы жұмыстан жәй келетін болған соң, қызы Заринаның туған күнін әжесі, туған ағасы мен бөле ағасы, анасы отырып тойлай бастады. Арасында мен бармын. Торт желінген соң Кәмшат балаларды қасына алып, олардың бір күні қалай өткенін, сабақтан қандай тапсырма беріп, не айтылғанын сұрады. «Күнделік.кз»-ке кіріп, бағаларымен танысты. Әкесі келгенше екі баласының үй тапсырмасына көмектесіп, қосымша пәндердің жоспарын құрды.
Қызы Зарина / Фото informburo.kz
– Әдетте, кешке жұмыстан 20.00-20.30 шамасында келемін. Бірден ас дайындап, тамақ піскенше, балалардың сабақтарын қарап бастаймын. Үй тапсырма өте көп беріледі. Басы кешкі асқа дейін, аяғы кешкі астан кейін жалғасып, әйтеуір, түнгі 22.00 шамасында орындап бітеді. Балаларымды ұйқыға жатқызып, ыдыс-аяқты жуған соң, «өз балаларымның» – сабақ беретін сыныптағы балаларымның сабақтарын тексеруге отырамын. Кейде байқамай түн ортасына дейін, ал негізі сағат түнгі 00.00-ге дейін отырамын, – дейді ол.
Отбасылық мерекеге кедергі болмау үшін біз Кәмшаттан шамамен 21.00-ге дейін рұқсат сұрап, балаларының негізгі тапсырмаларын, өзінің тексеретін негізгі шығармаларын көрсетуді сұрадық. Көбіне балаларына математика мен жазудан көмектеседі екен. Ал, өзі мектептегі балалардың өздік жұмыстарын, шығармаларын шолып шықты.
Кәмшат көбіне қызының үй тапсырмасына көмектеседі / Фото informburo.kz
– Бүгін әрине, мен түнгі нешеге дейін отырсам да, ең алдымен қызымның туған күніне көп назар аударамын. Қазір әкесі келгенде тағы дастархан дайындап, тілегімізді айтамыз. Оларға бүгін кешірек жатуға рұқсат, – деді Кәмшат.
Осылайша, астаналық мұғалімнің бұл күнгі тіршілігі өте кеш аяқталатын болды. Бір күні келесі күнге жиі ауысып кететін ұстаздан реформалар мен мұғалім мәртебесі туралы сұрағымыз келген жоқ. Тек «осындай жұмысыңыздың ақысы лайықты деп ойлайсыз ба?» деп сұрадық.
Кәмшат түнде балалардың өздік жұмыстарын тексереді / Фото informburo.kz
– Менің ойымша, ақша ылғи жетпейді. Қанша тапсаң да тіршілік тарта береді. Бірақ, жалақының аздығы – бүкіл мұғалімнің проблемасы. Үйдегі жалғыз асыраушы мұғалім болса, тіптен қиын. Сондықтан, мұғалімнің жұмысы отбасындағы, тіпті, елдегі демографияға әсер етеді деп ойлаймын.
Ұстаздың жалақысы өсті деп жиі айтылады. Ия, бірнеше мыңнан қосылып тұрады. Бірақ, біздің жалақы 30 пайызға көбейсе, азық-түлік, киім-кешек, пәтер бағасы да сонша қосылады. Бұл – менің ғана пікірім және өзім байқаған құбылысым. Сондықтан, қанша тапсаң да берекелі болсын, – дейді Кәмшат.
Дереккөз: https://informburo.kz