астаналық ұстаз қалай мың доллар алып отырғанын айтты

0

Соңғы жылдары білім саласына бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Мұғалімдердің жалақысы да көтеріліп келеді. Мәселен, аттестациядан кейін айлықты 50 процентке дейін арттыруға болады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik, Арман Асқар. Ал жаңартылған білім мазмұны үшін тағы 30 проценттік үстемақы төлейді. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Берденова астанадағы мектепте айына қанша ақша табуға болатынын айтып берді.

70 проценттік үстемеақы қалай берілді?

Шынар Берденова №76 мектеп-гимназияда жұмыс істейді. Осыдан бес жыл бұрын Қостанай қаласынан ауысып келген. Сол жақта жүргенде «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымы мен Кембридж университетінің бірлескен бағдарламасына қатысып, кәсіби біліктілікті көтеруге арналған үш айлық курстан да өтті. Соның арқасында 30-100 проценттік үстемеақы алуға мүкіндік болған. Ол екінші деңгейден өтіп, 70 проценттік қосымша ақы алды.

«Әлі есімде, біз ол бағдарламаны желтоқсан айында бітірдік. Ал келесі жылы қаңтар айынан бастап айлығымызға 70 проценттік үстемеақы қосылды. Сонда бұрыңғы жалақымызға 50 мың теңгедей қосымша ақша берілді», — дейді Берденова.

Айтуынша, бұрынғы жерде бала саны да, сабақ уақыты да аз болды. Ал астанаға ауысқаннан кейін жүктеме көбейді. Жалақы да көтерілді.

«Қостанай қаласында ең көбі 24 сағат болды. Ал осы мектепке ауысқаннан кейін 36 сағатты алып отырмын. Бес жылдан бері солай жұмыс істеймін. Мен өзім жоғарғы санатты мұғалім болып келгенмін. Өткен жылы аттестацияны өтіп, шебер-педагог санатын алып шықтым. Тест тапсырдым. Жетістіктерім де осы санатқа сәйкес келді. Еңбек өтілім – 25 жыл», — деп атап көрсетті Берденова.

Осылайша, Шынар Берденова 45 жасында шебер-педагог атанды. Бүгінде 5, 10 және 11-ші сыныптарға сабақ беріп жүр. 36 сағаттың басым бөлігі жаңартылған білім мазмұны бойынша өтеді. Келесі жылы оған 11-сыныптар да қосылады.

Шебер-педагогтың жалақысы қанша?

«Негізі, жаңа білім мазмұнын балалар жақсы қабылдап жатыр. Енді, ең бастысы оқушыларды еш қиындықсыз жаңа бағдарламаға кіргізе білу керек. Ал біз шебер-педагог болғаннан кейін сан алуан әдіс-тәсілдерді іздейміз, қиындықты жеңуге тырысамыз. Сонда балалар бәрін тез түсінеді. Міне, еңбегімізге қарай үкімет те мұғалімдерді қолдап жатыр. Мен өзім ризамын», — дейді Берденова.

Шебер-педагог өзінің жалақысын да ашып берді. Оның қазіргі айлығы —  188 000 теңге. Аттестациядан кейін 94 000 теңгедей ақша қосылады. Бұдан бөлек, жаңа білім мазмұны үшін төленетін 30 проценттік үстемеақы тағы бар. Оның көлемі – 51 000 теңге.


©
Sputnik / Арман Асқар

Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Берденова

«Сосын менің Кебридж бағдарламасы бойынша алатын 70 процентім бар ғой. Ол бес жылға есептелген. Биыл желтоқсан айында ол ақша тоқтайды. Дегенмен, осы жылы қосылып отырған ақша соны жабады екен. Сонда менде ешқандай минус болмайды. Жалпы, 380 000 теңгедей шығады. Сосын мен Абайтану кабинетін жүргіземін. Оған да 5 000 теңгеден астам ақша аламын», — деді Берденова.

Оның сөзіне қарағанда, жұмыс барысында қағазға, бояуға және тағы басқа кеңсе заттарына ақша шығарудың қажеті жоқ. Себебі барлығы мектептің өзі сатып алып береді. Соның арқасында жалақыны толығымен отбасыға жұмсауға мүмкіндік бар.

«Өз-өзіме есеп беріп отырамын»

«Осы кәсіпті таңдағаннан кейін біздің негізгі мақсатымыз – балаларға дұрыс білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару. Балалар алған білімін өмірде пайдалана білуі керек. Бұрын оқушы жай оқып, мазмұнымен ғана танысса, қазіргі жаңартылған білім мазмұнының бір жақсы жері сол, алған білімді қалай пайдаланамыз, белгілі бір жағдайға түссек, одан шығу жолдары қандай және тағы басқа мәселелерді шешіп, жеке қарым-қабілетті шыңдайды», — дейді шебер-педагог.

Бұдан бөлек, мұғалім бұрынғыдай біржақты білім берумен шектелмейді, балалармен сұхбаттасып, өзара пікір алмасады, ойын тыңдайды. Сөйтіп, балаларға жақын болады.

«Мен өзім сабақтан кейін үйіме бара жатқанда, немесе, бос уақытта өз-өзіме есеп беріп отырамын. Бүгін балаларға не үйреттім? Педагог ретінде оларға не бердім? Ол да керек нәрсе екен. Сосын бізде балалардың жетістіктеріне қарай сыйақы беріледі. Бұл да жақсы мотивация. Мысалы, 60 мың теңгеге дейін сыйақы алуға мүмкіндік бар», — деп атап көрсетті Берденова.

Отбасылық мамандық

Шебер-педагог 25 жыл бұрын болған отандық білім саласын да еске алды. Оның айтуынша, бас кезінде өте ауыр болды. Қазақ тілі мұғаліміне сұраныс та төмен болған. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Шынар бұрынғы қиыншылықтарға қармастан, өз таңдауын өзгерткен жоқ. 

«Әрине, адамның өзіне жасап алған жағдайынан шығып тұрғаны да дұрыс. Бірақ маған осы мұғалімнің жұмысы қатты ұнайды. Жолдасым да тарих пәнінің мұғалімі. Үш ұлым бар. Үйленген бір ұлым — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, келінім де мұғалім. Ең кіші ұлым да мұғалімнің жолын қалап отыр. Осылайша, мұғалім отбасылық мамандығымызға айналып отыр», — деп түйіндеді сөзін Берденова.

Тағы оқыңыз: Білім министрі мұғалімдердің өмірі қалай өзгеретінін айтты



sputniknews.kz