Астаналық қыз 223 көліктің иесі атанған
Мәжіліс депутаты қаржы министрінен Қазақстанның салық қызметтерінде тәртіп орнатуды сұрады.
2018 жылдың 1 қазанынан бастап мыңдаған қазақстандыққа мүлік салығын уақытында төлемегені үшін айыппұл жазылған. Бір қызығы, азаматтарда ешқашан мұндай мүлік болмаған, ал салық туралы олар сот орындаушыларынан естіген.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Шәкір Хахазов қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауалмен жүгініп, салықшылардың қателігінен зардап шеккен қазақстандықтардың мәселесін шешуді сұрады. Депутат бірден 223 автокөліктің «иесі» атанғанын білген Астана тұрғыны Әсел Сәменованың оқиғасын мысал етті.
«Сот қыздың барлық шоты мен картасын бұғаттап, қызды ешқашан болмаған автокөліктеріне салық төлеуге міндеттеген. Ұзаққа созылған даулардан кейін 10 көлік әлі де әлгі әйелдің атында қалып отыр», — деді мәжілісмен.
Осыған ұқсас жағдай астаналық ер адамның да басынан өткен. Ер адам 17 мың теңге мөлшерінде көлік салығын төлеу туралы хабарлама алған. Алайда оның екі жылдан бері көлігі жоқ екен. Кейінірек, мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері қателік жібергені анықталды.
Сондай-ақ, Хахазов салық қызметі органдарындағы ұзын-сонар кезекке де назар аударды. Айтуынша, регламент бойынша әр азаматқа мемлекеттік қызмет көрсету уақыты 20 минуттан аспауы керек, ал адамдар ол жерде сағаттап кезекте тұрады.
Дереккөз: Sputnik