Астаналық инженер дәрігерлерге тегін түскі ас жеткізіп беруді қолға алған: Медиктерге рахмет айтқым келді — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтандағы инфекциялық ауруханалар карантинге жабылғалы дәрігерлердің отбасын көруі былай тұрсын, сыртқа шығуы мұң болған. Дәрігерлерге осындай қиын кезеңде жанына демеу болсын деп киберқауіпсіздік инженері Айсұлу Түсікбаева достарымен арнайы дәрігерлер үшін тегін түскі ас жеткізіп беруді қолға алған. Stan.kz тілшісі еріктімен сөйлесіп, дәрігерлерге түскі ас жеткізіп беруге не түрткі болғанын сұрап білді. 

медиктер

Айсұлу Түсікбаева мұндай қадамға карантинде «үйде отырудан басқа мен не істей аламын» деген сұрақ түрткі болғанын айтады.

«Төтенше жағдай режимі басталған кезден бері «үйде отырудан басқа мен не істей аламын» деген сұрақтан туды. Бас мақсатым медициналық қызметкерлерге «рахмет» айту және жергілікті бизнесті, экономиканы қолдау. Сол үшін медициналық қызметкерлерге жақсы бір рестораннан дәмді түскі ас жеткізуді ойладым», — дейді ерікті.

Түсікбаева бұл бастамасын достары қолдап, қолдан келген көмегін көрсеткен. Жанұясында медициналық қызметкерлер бар болғандықтан, адамдарды емдеу қиын жұмыс екенін білетіндігін жеткізді.

медиктер

«Ақшаны басында өз қалтамнан алдым, содан кейін достарым ақша жібере бастады. Одан кейін Назарбаев университетінің түлектері одағы және Назарбаев университеті қолдау көрсетті. Аз-аздан көптеген адамдар көмектесуге ниет білдірді. Қазірдің өзінде 410 адам қаржылық қолдау көрсетті», — деген ол әлі де қаржылай көмекке зәру екенін айтты. 

Түскі асты апаратын ауруханалардың барлығы үлкен, көпсалалы ауруханалар болғандықтан, пациенттер көп екенін және дәрігерлерге түсетін қиындық та, жұмыс та көп екенін айтады.

«Неге мемлекет ауруханаларды тамақпен қамтамасыз етпейді десеңіз, өйткені бұл ауруханалар карантинге жабылмаған. Сондықтан қызметкерлер өз-өзін тамақпен қамтамасыз етуге мәжбүр. Алайда, жұмыстың көптігінен жүдеген аурухана қызметкерлері өз тамақтарын ойлауға мұршалары жоқ. Сондықтан біз оларға ризашылық білдіру ретінде түскі астарын апарып береміз», — деген Айсұлу Түсікбаева жасап жатқан жақсылығының дәрігерлерге үлкен демеу екенін жеткізді.

медиктер

Оның айтуынша, көмекті дәрігерлер қуана-қуана қабылдап, баталарын беріп, рахмет айтады  екен. Еріктілер медициналық қызметкерлердің осындай таза, эмоционалды алғыс білдіргендіктен, бұл жоба өте маңызды және қажет екенін түсінеді.

«Басында тамақты жеткізетін көлік болмай, қиындық туындады. Өйткені қала ішінде қозғалыс рұқсатымыз болмады. Қазір Назарбаев университеті түскі ас жеткізу үшін жүргізушісімен бір көлік пайдалануға берді. Сол үшін логистикаға қатысты қиындығымыз жоқ. Жалғыз қиындығымыз — қаражаттың жетіспеуі болып тұр», — дейді Айсұлу Түсікбаева. 

медиктер

«Нұр-Сұлтандағы онкологиялық орталыққа түскі ас жеткізу кезінде мынадай оқиға болды. Аурухананы карантинге жауып, мүлде адам кіргізбей де, шығармай да қойған. Ал мемлекеттен дәрігерлер мен науқастар үшін ас әлі келмеген. Міне, осындай жағдайда біз өз көмегімізді уақытында көрсете алдық. Дәрігерлерді былай қойғанда, науқастардың өзінде ішерге асы болмаған. Тек қант жеп, жан сақтауға тура келген», — дейді ерікті.

stan.kz