Астаналық бухгалтер 4 проценттік автокредитті қалай алғанын айтып берді
Айгүл Сермағамбетова банкке құжат тапсырып, екі айдың ішінде су жаңа көлігін алды. Ол автонесие рәсімдеу үшін көп құжат қажет емес екенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Астаналық Айгүл Сермағамбетова үш жыл бұрын Алматы қаласынан көшіп келген. Жүргізуші куәлігін 18 жасында алса да, жеке көлігіне енді ғана мініп жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген есепші 4% автокредит бағдарламасы бойынша көлікті қалай рәсімдегенін айтып берді.
«Көлікті екі айдың ішінде алдым»
«Негізі, мен 4% автокредит бағдарламасы туралы талай естігенмін. Бірақ Алматыда жұмыс істеп жүргенде көлік алуға қорықтым. Өйткені ол жақта машина көп, кептеліс те жиі болып тұрады. Содан темір тұлпарымды асықпай алуға шешім қабылдадым. Ал астанаға көшіп келгесін бұрынғы арманымды іске асыруға бел будым», — дейді Сермағамбетова.
Ол автонесиенің құжаттарын шілде айында тапсырған. Оған дейін тағы банкке өтініш жазды. Бірақ бағдарлама бойынша оның қаражаты кеш түседі деді. Сөйтіп, ол бірден басқа банкке құжат тапсырып, екі айдың ішінде су жаңа көлігін алды.
«Білуімше, бюджет қаржысы әрқалай бөлінеді. Банктерге траншпен бөлінетін сияқты. Сосын револьверлік қаражат, яғни бұған дейін таратылған автокредиттер төленген сайын сол ақшаның есебінен жаңа кредиттер беріледі. Мен барған бірінші банкте менеджерлер бірден ақшаның ұзақ уақыт болмайтынын айтты. Содан мен басқасына тапсырдым. Екі айдың ішінде алғашқы көлігімді алдым», — деді Сермағамбетова.
Қандай құжат керек
Бухгалтер 4% автонесие бағдарламасында көп құжат сұрамайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, әдетте «электронды үкімет» порталының құжаттары қажет. Бастысы – тұрақты тіркеу мен тұрғылықты жері туралы анықтама, сосын зейнетақы жарналары көрсетілген құжат.
«Мен жұмыс туралы анықтама мен жалақының түбіртегін де алып бардым. Ал, негізі, зейнетақы жарналарына көп мән береді. Банкке құжатты тапсырғаннан кейін, шамамен, 20 минуттың ішінде автокредитімді мақұлдады деген жауап келді. Бірақ қаржыландыруды күтуге тура келді. Сол себепті екі ай күттім. Білуімше, банкте пул жасақталады. Сөйтіп, тізім бойынша автокредит беріледі», — деп атап көрсетті Сермағамбетова.
Бағдарлама бойынша тек Қазақстанда құрастырылған көліктерге ғана кредит беріледі. Айгүл JAC S3 маркасын таңдады. Бағасы – 5 миллион теңге. Оған қоса, КАСКО сақтандыру жүйесін міндетті түрде алу қажет. Бухгалтер автокредитті бес жылға рәсімдеп алды. Ай сайынғы төлем, шамамен, 67 мың теңге.
«Негізі, жеті жылға да алуға болатын еді. Ондайда ай сайынғы төлем 46 мың теңгеге төмендейді. Бірақ артық ақшаны көбірек төлеу керек. Сол себепті мен бес жылды таңдадым. Осы уақытта артық төлейтін ақшам небәрі 300 мың теңгенің айналасында болады. Ал, енді, әдеттегі автокредитпен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Онда 3 миллион теңгені артығымен төлейсің. Ол ақшаға тағы бір көлікті сатып алуға болады ғой», — дейді Сермағамбетова.
Алғашқы жарнаны сертификатпен салуға болады
Автокредит бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның көлемі – 10-20 процент. Бұдан бөлек, утилизацияға тапсырылған көліктің сертификатын алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.
«Алғашқы жарнаға ары кетсе, екі сертификат қабылдайды екен. Біз анамыздың ескі көлігін тапсырып, ақшалай сертификат алғанбыз. Жаңылмасам, оның құны 250 мың теңге болған. Соны алғашқы жарнаға салдық. Мен өзім 20 процентті құйдым. Соның ішінде жаңағы сертификат та бар. Автокредит бес жылға берілсе де, жарты жылдан кейін оны алдын ала өтеп тастауға болады», — деді Сермағамбетова.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық мамандар ақша жинаудың қарапайым үш тәсілін айтып берді
Бухгалтер бұған дейін бір ипотеканы да алғанын жасырмады. Бірақ оның да проценттік мөлшерлемесі көп емес. Себебі тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша рәсімделген болатын. Дегенмен, жас жүргізуші автокредитті рәсімдегенде өз бюджетін жан-жақты пысықтап, бірнеше рет есептеп шыққанын жеткізді.
«Ипотекам бар болғасын автокредитті үш жылға емес, бес жылға рәсімдедім. Өйткені күнделікті өмірге де ақша қалуы қажет қой. Банктер де осы мәселеге баса назар аударады. Сосын әрбіреуінің есеп-қисабы әртүрлі. Олар табыстан барлық кредитті алып тастайды. Ал оның сыртында күнделікті өмірдің ақшасы да қалуы тиіс. Олар ең төменгі күнкөрістің ресми көрсеткіштерін алмайды, өздерінің бір есептеу әдістері бар», — деп түйіндеді Сермағамбетова.
4% автонесиеге 20 миллиард теңге бөлінеді
Өткен аптада Қазақстанның даму банкі отандық автоөнеркәсіпті қолдауға 20 миллиард теңгенің бөлінетінін мәлімдеді. Аталған шаралар 4% автонесие бағдарламасы арқылы атқарылады. Алдымен 14,5 миллиард теңге көлеміндегі бірінші транш үш банкке бөлінеді. Олар — «Қазақстан Халық банкі» АҚ (4 млрд теңге), «Сбербанк» АҚ (7,5 млрд теңге) және «ВТБ Банкі» АҚ (Қазақстан) (3 млрд теңге).
Ал жылдың соңында қалған 5,5 миллиард теңге екінші траншпен бөлінеді. Қазақстанның даму банкі өз кезегінде қаражатты игеруді бақылап отырады. Бір көліктің шекті құны — 15 миллион теңге.
4% автонесие бағдарламасы бойынша отандық кәсіпорындарда құрастырылған маркаларға кредит беріледі. Олар — «Kia», «Chevrolet», «Skoda», «Hyundai», «LADA», «УАЗ», «JAC», «Peugeot» мен «Ravon». Осы маркалардың 50-ге жуық моделі бар.
sputniknews.kz