Астаналық аналар депутаттарға: Әр балаға 42 500 теңгеден берсін

0
2453
Сурет: Stan.kz

Бес сәбидің қазасын “Ұлттық трагедияға” балаған Нұр-Сұлтандық көпбалалы аналар депутаттарды осылай іздеп келді. “Елімізде аналарға толыққанды жағдай жасалмай, қайғы азаймайды” деген олар үкімет пен “Нұр Отан” партиясынан жәрдемақыны көтеруді де талап етті.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Аналар “мәселе дәл бүгін шешілмесе де, нұротандық бір депутат немесе Бауыржан Байбек сөзімізге құлар асар” деп үміттенді. Бірақ, ешкім келмеді. Аналар “күн өткен сайын кедейшіліктің қысып бара жатқанын”, “жәрдемақыларының ас-судан артылмайтынын” айтты.

“Менің сегіз балам бар. Әр балаға он мың, сексен мың теңге айлыққа мен баламды бір айға асырай алмаймын. Бір күндік тамағының өзі, мен дүкенге бір кіріп шыққанда 7-8 мың теңгеге бір пакет алып келемін”, – деді көпбалалы ана Жұмақыз Құлахметқызы.

Жиналғандар: “көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан пәтер жалға емес, басыбайлы берілсін” дейді. Айтуларынша, негізгі кірістері жәрдемақы болған соң, баспана сатып алуға ақшалары жетпейді.

“Мынау беріп жатқан жәрдемақы кұлкілі, түсінесіз бе? Бұл тын тебен, бір бала болсын, үш бала болсын, екі бала болсын, он бала болсын әрбір балаға 42 мың берсін”, – деді жалғыз басты Қанағат Шүменова.

Екі сағат бойы аналарға ешбір депутатты шақырып бере алмаған нұротандықтар онлайн кездесу ұйымдастыратынын айтты.

“Ашық түрде қазір жазып оларға, кездесуді солай ұйымдастыратын боламыз. Кездесу онлайн форматта, республикалық қоғамдық қабылдауда үнемі өтіп жатыр, қазір тағы да солай өте беретін болады”, – деді Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібек.

“Нұротандықтар” аналардың айтқан мәселесіне қанықпыз, шешуге сеп боламыз” деп уәде берді. Дегенмен, аналар жыл басталғалы осылай бірнеше рет жиналып, талаптарын айтса да, депутаттар бір рет қана кездесуге келген. Оның өзінде нақты мәміле болмаған. Аналар болса: “жауаптылар мәселені шешпейінше, біз жиналуды тоқтатпаймыз” деп, бекініп отыр.