Астаналық 50 отбасыға жылы киім сыйға берілді
Астананың Алматы ауданындағы аз қамтылған 50 отбасы жылы киімдерге ие болды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімі Әділбек Сәрсембаевтың бастамасымен 20 Izgi Qadam акциясы аясында өткен шараны “Ниет” қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Барлық шаңыраққа денсаулық, отбасылық игілік, балаларының қадам алысына сәттілік тілеймін. Ең бастысы, осындай шараның арқасында балалар қайырымдылық жасауды, жақсылықпен бөлісу керегін есте сақтайтын болады, – деді Алматы ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Мұхамедияр Қожекенов.
Оның айтуынша, жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін аудан аумағында тұратын тағы да 300 отбасыға көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта “Ниет” қоры Астанадағы аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына, жетімдерге және мүгедек балаларға LC WAIKIKI компаниясының 10 000 жаңа киімін табыстайды.