Астаналық 31 дәрігерге 2 миллион теңгеден беріледі
Қысқа сілтеме алу
Қазіргі кезде медицина қызметкерлеріне төлем төлеу тәртібін қарастыратын нормативтік құқықтық актінің арнайы жобасы әзірленген
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Елорданың 31 медицина маманы коронавирусты жұқтырған. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 31 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Олардың ішінде қалалық және республикалық мекемелердің мамандары бар. Басым бөлігі коронавирусты емдеу-диагностика шараларына қатыспаған. Қазіргі кезде олардың жағдайы қанағаттарлық, барлығы ауруханада жатыр», – деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға тартылған барлық медицина қызметкерлеріне жалақыға қоса ай-сайын үстемеақы беру тәртібі бекітілген болатын. Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупіне қарай үшке бөлінеді. Оның көлемі 212 500-425 000 теңгенің аралығын құрайды.
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігер Covid-19 жұқтырғандар саны қашан күрт азаятынын болжады
Медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі. Ал маман коронавирустан көз жұмса, 10 миллион теңге бөлінеді.
120 медицина қызметкері індетке шалдыққан
6 сәуірде өткен брифингте Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова республика бойынша 120 медицина қызметкерінің коронавирусқа шалдыққанын мәлімдеген болатын. Олардың ішінде 67 адам – науқастар мен коронавирусқа күдікті адамдармен жұмыс істеген. Қазіргі кезде оның біреуі ауыр хәлде жатыр. Тоғызының жағдайы орташа. Қалған 57 медицина қызметкерінде ауру жеңіл формада өтіп жатыр.
Есмағамбетованың айтуынша, вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем төлеу тәртібін қарастыратын нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленді. Оны рәсімдегеннен кейін төлемақы беріледі.
sputniknews.kz