Астанаға табиғи газ Қызылорда облысынан барады

0
110

Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының барысында шамамен уақытша 800 адам жұмыспен қамтылса, магистральдық газ құбыры іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтылады.

Қызылорда облысындағы «Қараөзек» жоғары технологиялық компрессорлық стансасынан «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша газ құбыры құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша Zakon.kz тілшісі.

«Қараөзек» стансасы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 994 шақырымында орналасқан. Ол аталған газ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд текшеметр дейін ұлғайтып, алдағы уақытта Астананы және солтүстік өңірлерді газдандыруға мүмкіндік береді.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бесінші бастамасы «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» болатын. Осы орайда, қазіргі таңда «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының алғашқы кезегіндегі «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытын осы жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда.

«Интергаз Центральная Азия» акционерлік қоғамының Қызылорда бөлімшесі бас инженерінің орынбасары Азамат Ермағамбетовтың айтуынша, «Сарыарқа» магистарльды газ құбырының жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Қазіргі уақытта тендер жариялау жұмыстары жүруде. Бірінші кезеңінде Қызылордадан Астанаға дейін құбыр тартылып, екі автономды газ тарату станциясы салынады.

Жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын газ құбыры Қызылорда, Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағынан өткізіледі. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының барысында шамамен уақытша 800 адам жұмыспен қамтылса, магистральдық газ құбыры іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтылады.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!