Астанаға газ қашан тартылады?

0

Осы жылдың қаңтар айынан бері газдандыру жобасын жүзеге асыруға ниетті 11 компания өзара соттасып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Жыл соңына дейін елордадағы «Көктал» тұрғын үй алабына газ тартылады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Төлеуовтің айтуынша, елорданы көгілдір отынмен қамту жобасы үш кезекке бөлінген. Қазір бірінші кезек бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бірінші кезекте 9 іске қосу кешенін салу керек. «ҚазМұнайГаз» Қызылордадан елордаға дейін 1200 шақырым газ құбырын тартады. Ал біз қаланың ішіндегі газ тарату желілерімен айналысамыз», — деді ол жылу беру маусымына дайындық туралы брифингте.

Тағы оқыңыз: Бозымбаев Астанаға газ тартуға ақша қайдан алынатынын айтты

Алайда, Төлеуовтің айтуынша, газ тарату желілерін салу бойынша мемлекеттік сатып алулармен байланысты қиындықтар туындаған. Жыл басынан бері елорданы газдандыру жұмысын жүзеге асыруға ниетті 11 компания бір-бірімен соттасып жатыр. Соның кесірінен қалаға газ тарату мерзімі кешеуілдеп жатқан көрінеді.

«Он бір қатысушының өз ой-пікірі бар, бәрі жеңімпаз болғысы келеді. 28 қаңтардан бері дауласып келеді. Бір-бірімен әлі соттасып жатыр», — деді Төлеуов.

Ол газ тарату желілерін салу мерзімі 2019-2021 жылдар екенін атап өтті.

«Жыл соңында Көктал ауданына көгілдір отын беріледі деп ойлаймын», — деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. Магистраль алдымен Нұр-Сұлтанға, одан кейін Көкшетауға, ары қарай Петропавлға тартылады.



sputniknews.kz