Астанаға алғаш келген шетел азаматтары жаңа жылды қалай қарсы алады? — новости Казахстана

0

Биыл Астанаға алғаш рет келген шетел азаматтары жаңа жылды қалай қарсы алатындарын айтып берді. Олардың айтуынша, әр ұлтта жаңа жылға қатысты түрлі әдет-ғұрыптар бар екен. NUR.KZ тілшісі өзге ұлт өкілдерімен тілдесіп, олардың жаңа жылды қарсы алу ерекшеліктерін тыңдап қайтты.

Коллаж: NUR.KZ

Коллаж: NUR.KZ

Мәселен, Астанаға келгеніне бар-жоғы бір жыл ғана өткен эстониялық Ааре Лапынин жаңа жыл күні дастарханда міндетті түрде ұлттық үш тағам түрі болатынын айтты.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Әрине дастархан түрлі тәтті-дәмділерге толы болады. Бірақ біздің халықта шошқа еті мен қанды шұжық және тұздалған орамжапырақ міндетті түрде болуы тиіс деп есептелінеді. Негізі эстониялықтар алдымен Рождествоны тойлайды.

Бұл мерекеде Эстония жұрты қара эстониялық «Портер» атты сыраны ішеді. Сосын жаңа жылды атап өтуге кірісеміз. Ол уақытта әдеттігдей президенттің түнгі 12-де құттықтау сөзін тыңдап, шампан ашып, бір-бірімізге құттықтау тілектерді жаудырамыз. Сондай-ақ, түнгі уақытта отшашу ұйымдастырамыз», — дейді эстон азаматы.

Британиялық Шейх Билал Хан есімді азамат та биыл Астанаға алғаш келгенін айтты. Десе де шетелдік мейман жаңа жылды елордада емес, Алматыда қарсы алатынын жеткізді.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Астана өте суық қала, сондықтан отбасымызбен Алматыға барамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал Англиядағы жаңа жылға келсек, бізде де алдымен Рождество тойланады. Адамдар дүкен аралап, сыйлық сатып алуға асығады. Мысалы ол қарапайым шарф пен шұлық та болуы мүмкін.

Бастысы сыйлықтың бағасы емес, адамның сізге деген көңілі екенін ұмытпау керек. Рождество дастарханында күрке мен қуырылған көністерден дәм татып жатады. Жаңа жыл тек 31 күні атап өтіледі. Ол күні британиялықтардың көпшілігі мерекеге орай әзірленетін отшашуды көру үшін үйден сыртқа шығады», — деді ол.

Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының жетекшісі, жаңазеландиялық Тимоти Беннет болса, жаңа жылда гүлдейтін ерекше ағаш – Похутукава жайлы айтып берді.

Фото: astana finance days

Фото: astana finance days

«Бұл ағашты біз жаңажылдық шыршаның орнына қолданамыз. Бір қызығы бұл ағаш тек Жаңа Зеландияда ғана өседі және ол дәл сол уақытта гүлдейді. Жаңажылдық дастарханға барбекю мен шұжық қуырамыз, стейк жасаймыз«, — деді ол.

Аталмыш қаржы орталығында Заң мәселелері жөніндегі басқарушы директор болып қызмет ететін Андре Гелинас испаниялық жұбайының Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алатынын баяндап берді.

«Испанияда тұрғындар сағат тілі 12-ге дейін жетуге 12 секунд қалғанда, жүзімнің 12 жидегін жеп үлгеруге тырысады. 12 жидекті 12 секунд ішінде жеп үлгергендердің келесі жылдағы 12 айы тоқшылықпен өтеді деген сенім бар«, — дейді ол.

Жаңа жылға қатысты салт-дәстүрлер француз халқында да бар екен. Астанаға биыл ғана келген Жан-Филипп Луванкур өз еліндегі жаңа жылды тойлау ерекшеліктерін айтып берді.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Француздар жаңа жылды отбасыларымен емес, достарымен атап өтеді. Себебі біз жаңа жылға дейін 24-25 желтоқсан күні Рождество мерекесін жанұямызбен тойлаймыз. Дастарханда әдетте фуа-гра мен ұлу еті (авт .устрица) тұрады. Ал десертке біз «Буше» деп аталатын торт немесе балмұздаққа негізделген тәттінің түрін дайындаймыз. Сыйлықты да тек Рождествоға сыйлайды, ал Жаңа жыл мерекесі негізінен көңіл көтеріп, дем алуға арналған», — дейді Франция елінің азаматы.

Жан жарын Үндістан елінен тапқан британиялық Кристофер Кэмпбелл-Холт та отбасында жаңа жылға қатысты өз салттары бар екенін айтты.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Қазақстанға келгеніме екі жылдан астам уақыт өтті. Қазақстандықтардың қонақжайлығына тәнтімін. Осы уақытта Алматы мен Астананы қатты ұнатып қалдым. Ұлыбританияда өткен жылдың табысын атап өтетін дәстүр бар. Яғни, ескі жылда айтулы оқиға орын алса, жыл сәтті болды деп топшылайды.

Сосын соған орай, жаңа жылды да атап өтеді. Жұбайым үнді елінің азаматы болғандықтан, біздің отбасында әр елдің салты сақталады. Қазақстан мен күллі әлем халқын осынау мерекемен құттықтаймын. Жаңа жыл баршаларыңызға жаңа табыстар әкелсін!«, — деп сөзін аяқтады британ азаматы.

Ал тропикалық ел – Малайзия мемлекетінің өкілі Афик Бин Джохар болса, жаңа жылда елде шыршаны безендірмейтінін мәлім етті.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Малайзияда христиан дінін ұстанатын халық бар болғандықтан, Рождествоны атап өтеді және бұл күн демалыс күні болып есептелінеді. Cол сияқты бізде шырша өспейді, себебі Малайзия — тропикалық ел. Сондай-ақ, Малайзияда «ашық үй» дәстүрі бар.

Яғни, қандай да бір мереке болғанда, есігімізді кез келген жанға ашып, сол мерекені атап өтеміз. Мысалы Рождество болса, онда достарымызды кешкілік Рождество асына шақырамыз.

Ұлттық тағамдар жағынан да дәл солай. Қытайлықтар өздерінің тағамдарын әзірлесе, біз өзіміздің тәттілерімізді жасаймыз. Барлық Қазақстан халқын келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын! Табыстан табысқа жете беріңіздер!», -деп ақжарма тілегін арнады малай азаматы.