Астанадағы бес баланың қазасы: Сұлтанов шұғыл жиын өткізді

0
Оқиғалар

Қысқа сілтеме алу

4810 0 0

Астана әкімі зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетуді тапсырды

АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттен бес бала қаза болған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді,  деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі», — деген Сұлтанов «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырды.

Өз кезегінде ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін айтты.

«ТЖД-нің қызметкерлері профилактикалық шараларды жүргізу барысында да бұл үйге барып, олқылықтарды жою үшін ескертпе берілген», — деді Аманбаев.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар, полиция департаментінің басшылығына бірлесіп, жеке сектордағы әр үйге дереу барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.

«Бұл сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, әрқашан мен айтып отырмауым керек! Баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиғаны күтесіздер ме?! Бұл ТЖД-нің қателігі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды тануыңыз керек», — деді ол.

Қала әкімі құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды.

Астанада ақпанның төртіне қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шықты. Тілсіз жау туралы хабар өрт сөндіру қызметіне 03.24 кезінде жеткен, өрт сөндірушілер жалынды бір сағаттан соң сөндірді. Жанып кеткен үйден 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған балалардың денесі табылды. Олардың ата-анасы төтенше оқиға кезінде жұмыста болған. 


Дереккөз: https://sputniknews.kz/