Астанада жыл басынан 11 мың жұп отбасын құрған

0

2018 жылғы 12 желтоқсан 22:58 26

Астанада жыл басынан 11 мың жұп отбасын құрған

АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада отбасы құрған жұптар саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің статистикасына сәйкес, жыл басынан бері елордада 10 914 жұп некеге тұрған.

Отбасын құруға шешім қабылдаған жастардың жасы жоғарылап келеді. Мәселен, қалыңдықтың орташа жасы 25 болса, ер адамдар орташа есеппен 35 жасында үйленеді.

Некеге тұрған ең ересек жұп — 55 жастағы әйел мен 80 жастағы ер адам.

Бүгінгі таңда жастар неке қию шешімін барынша таразылап барып қабылдайды. Мәлім болғандай, қазіргі кезде елордалық ер азаматтар өзінен бірнеше жас үлкен қыздарды жұбайы етіп таңдайды.

«Бұрын қалыңдықтың жасы кішірек болса, қазір көбіне күйеу жігіт жасырақ. Ер азаматтар өзінен бір-екі жасқа ғана емес, 5-10 жасқа үлкен бойжеткендерге үйленеді», — деп атап өткен болатын Сарыарқа ауданы әкімдігінің АХАТ бөлімі жетекшісі Бахытгүл Шайкенова.

Сонымен қатар Астананың жас тұрғындары арасында шетелдік азаматтармен отау тігу жағдайлары жиілеген.

«Көбіне бойжеткендер шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығады. Біздің қыздар Африка елдерінің азаматтарын жар етіп таңдайтын жағдайлар аз емес. Таңғалатыны жоқ. Қазіргі кезде шекара ашық емес пе?! Біздің елдің азаматтары шетелге жиі шығып, жиі саяхаттайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстан жайлы жақсы білетін болды», — дейді ол.

Айта кетейік, «Неке және отбасы» туралы ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Белгілі себептерге байланысты ғана жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа төмендете алады.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz