Астанада жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпаздарына құрмет көрсетті

0
101

Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысына сәйкес, 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткені үшін чемпиондар мен жүлдегерлерге, атап айтқанда, «алтын» үшін – $10 000, «күміс» үшін – $5 000, және «қолаға» – $3 000 көлемінде сыйақы берілді. Сондай-ақ, жеңімпаздардың бапкерлері де құралақан қалмады.

«Сіздер халықаралық додалар мен Азия чемпионаттарында көзге түсіп, жасөспірімдер Олимпиадасы секілді кешенді жарыста алғаш рет бақ сынадыңыздар. Бұл үлкен тәжірибе. Ал бір-бірлеріңе қолдау көрсетіп, бір ту астында біріккендерің – біз үшін үлкен қуаныш. Сіздер тұтас командаға айналып, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басты мақсатын жүзеге асырдыңыздар», – деді ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев.

 «Елбасының халыққа арнаған соңғы жолдауында спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Біз спорт және мәдениет Министрлігімен біріге отырып, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға ат салысамыз. Сонымен қатар, спорт университетін құру мақсаты да тұр. Мұның бәрі елімізде спортшыларды дайындау жүйесін қалыптастыруға әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі таңда үлкен жетістігімен қуантқан талантты жастарымыз келешекте ел намысын абыроймен қорғайтынына бек сенімдімін», – деді ҰОК президенті.

Буэнос-Айресте Қазақстан құрамасы төрт алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, халықаралық командалар сапында күміс және қола жүлдеге иелік етті.

Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары: Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс).

Күміс жүлдегерлер: Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шайкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо).

Қола жүлдегерлер: Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате).

Халықаралық команда сапында Роза Әбитова (көркем гимнастика) күміс, Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.

Жасөспірімдер ойынында медаль саны мен жүлде жеңіп алған спорт түрлері де рекордтық көрсеткішке ие болды. Еске сала кетейік, Аргентинаға спорттың 23 түрінен 58 атлет аттанды.

Алтын медаль иегері, 17 жастағы Бекарыс Сәдуақас құрама спортшыларының атынан сөз сөйледі.

«Аргентинадағы додаға қатысқан спортшылардың атынан қолдау көрсеткен баршаңызға алғыс айтамын. Біз бұл сынға қарқынды түрде дайындалдық. Еңбегіміз еш кетпей, медальмен оралғанымыз үшін қуаныштымын. Енді ересектер арасындағы Олимпиадада топ жару үшін бар күшімізді саламыз», – деді ол.

Келесі жасөспірімдер Олимпиадасы 2022 жылы Сенегалда өтеді.