Астанада VIII Азаматтық форум басталды
Жиынды Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев ашты.
«Азаматтық форум осымен елімізде сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш форум елімізде әр екі жыл сайын өтеді. Биылғы форумның ерекшелігі форум жұмысына алғаш рет Мемлекет басшысы қатысқалы отыр. Бұл форум бүгінгі таңда үлкен маңызға ие. Шара барысында қоғам өмірі жайында өзекті сұрақтарды талқылайтын боламыз. Азаматтық даму сұрақтары біздің қоғам үшін өте маңызды. Нормативтік құқықтар мен саяси шешімдер қабылдамас бұрын біз бірінші кезекте қоғам пікіріне құлақ асамыз. Республикалық форумды өткізуге дайындық барысында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұған дейін еліміздің әр облысында аймақтық азаматтық форумдар өтті. Бүгінгі республикалық форумға таңдаулы аймақтық делегаттар жиналып отыр. Іс-шара барысында қоғам үшін маңызды ойлармен бөлісіп, ашық диалог алаңын құрамыз. Соның негізінде әрбіріміз үшін маңызды шешім қабылдаймыз деген ниеттемін», деді Д.Кәлетаев.
Іс-шара шеңберінде семинарлар, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер форматындағы 35 тақырыптық сессия жұмыстары өтеді деп жоспарлануда.
Тақырыптық сессиялар мемлекеттік органдарды жаңғырту, медиа және ашықтық, экология және қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация, ІТ және Big Data, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ЖОО мен мектептердің рөлі сынды өзекті мәселелерді талқылауға арналады.
Бүгінгі жиынға халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және бизнес құрылымдардың сондай-ақ қоғамдық кеңестердің өкілдері қатысып жатыр.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»