Астанада тұрмысқа пәк күйінде шықпаған келіншекті күйеуі тастап кеткен

0

Астанада тойға дейін жақындасып қойған келіншектердің ажырасу оқиғалары көбейген. Мамандардың пікірінше, көп жағдайда қыз-келіншектер жас кезінде орын алған «жағдайды» жасырамын деп, бармақ тістеп қалады екен деп жазады NUR.KZ.

Астанадағы жекеменшік психологиялық кеңес беру орталығында жұмыс істейтін маманның айтуынша, жас қыз-келіншектер тойға дейін жақындасып қойғанын жасырып, кейін шаңырақтарын шайқалтып жатады екен. Психолог қандай жағдай орын алса да, «шындықты айту керек» деді.

«Ажырасқаннан кейін күйзеліске түсетін адамдар көп, әсіресе әйел адамдардың психологиясы өте нәзік келеді. Шаңырағының шайқалғанын өмірдің тоқтауы деп білетін әйел адамдарды да жиі көреміз.

Ал соңғы жылдары қыз күйінде жастықпен, білместікпен ер адаммен жақындасып қойып, кейін «қызбын» деп тұрмыс құратындар көбейген. Өкініштісі, мұндай өтірікті тойдан соң жолдасы біліп қояды. Сосын, сол жерден бәрін тоқтатып, ерлі-зайыптылар ажырасып кетіп жатады.

Мысалы, былтыр бізге жасы бар-жоғы 23-тегі жас келіншек келді. «Күйеуіммен ажырастым, өмірімнің күл-талқаны шықты, не балам жоқ» деп жылағаны да есімізде. Сол кезде әйел адамның жанының қатты қиналғаны, өмірге деген құлшынысының жоқтығын бірден байқадық.

Бірақ ерлі-зайыптылар ажырасса, оның қандай да бір себебі болу керек қой?

Бізге бір аптадан аса уақыт бойы кеңеске келіп жүрді, бірақ не себепті айырылысқандығын айтпай, тіс жармай жүрді. Алғашында сұрамағаныммен, кейін сұрақты тіке қоюға тура келді.

«Ажырасуға не себеп болды? Қандай жағдай болса да, өзіңді де, бұрынғы жолдасыңды да кешір. Жеңілдейсің» деп көндірумен болдық. Кейін бір аптадан соң ғана, 18 жасында жігітпен жақындасып қойғанын, онысын қазіргі жігітіне айтпай тұрмысқа шыққанын білдік. Келіншектің әлгіндей әрекетін білген күйеуі оны ертесінде-ақ тастап кеткен», — деп түсіндірді маман.

Психологтың айтуынша, жас келіншек мамандардың кеңесін алып, күйзелістен шыққан соң, жұмысқа тұрып, өз өмірін қолға алған екен.

«Ажырасу кімде-кімнің болсын жанына батып, жүйкесін тоздырады. Жаңағы жағдайда да дәл солай болған. Келіншек басынан бастап дұрыс шешімге келмеген. Ашы да болса шындықты айтып, шаңырақ құру керек еді. Шын сүйетін жігіт болса, оған қарамайтын еді.

23 жас отау құру үшін жақсы кезең болғанымен, әлгіндей қиын жағдайлар үшін, ол өте аз жас.

Ол кезде жастардың қиындыққа төтеп беру, қиын кезеңдерде мойымай өту деген сияқты ішкі сезімдері пісіп, жетілмейді. Олар өмірді енді бастап жатады және бәрі бірдей жақсы болады дегенге сенеді.

Міне сол кезде әлгіндей оқиғалардан кейін олардың жан-жарасы өмір бақиға созылуы мүмкін.

Бізге келген жаңағы қыз үйдегі ата-анасы, біздің көмегімізбен күйзелістен шықты. Қазір диломы бойынша жұмыс істеп, жақында көлік алды деп те естідік. Өмір болған соң, түрлі қиындықтар болады. Жастар отбасы құрарда асықпауы тиіс, сүйген адамыңыздың сезіміне шын сенімді болғанда ғана, шаңырақ көтеру керек. Әйтпесе, осындай қиын жағдайлар орын алуы мүмкін», — деп сөзін қорытындылады маман.