Астанада сүйіктісіне 700 мың теңгеге сыйлық жасамақ болған жігіт тақырға отырды

0

Мейрамды пайда көзіне айналдырғандар жігіттерді сан соқтырып жатыр

АСТАНА, 8 наурыз — Sputnik. Астанада халықаралық әйелдер күні қарсаңында интернет алаяқтары қаптап кетті.

Ғаламтор арқылы гүлге тапсырыс қабылдайтын олар қыз-келіншектерге сыйлық жасамақ болған ерлерді шетінен тақырға отырғызып жатыр, деп хабарлады КТК.  

Ақшаны алдын ала аударуды сұрайтын сатушылар кейін ұшты-күйлі жоғалып кетеді екен. Әзірге мұндай 10 қылмыс тіркелді. Жапа шеккендердің арасында гүлден бөлек, өзге де бағалы сыйлықтарға тапсырыс бергендер бар. Мәселен, алданған жігіттердің бірі сүйіктісіне 8 наурызға 700 мың теңгенің бриллиантын алмақ болған. Бірақ ақша да, жүзік те жоқ.

 Осылайша, ұрымтал сәтті пайдаланған алаяқтар жалпы көлемі 1,5 миллион теңгені сыпырып алған. Әзірге полицейлер қаскөйлердің біреуін ғана қолға түсірді. Қалғандарды іздестіріліп жатыр.

«Әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сақтықпен қарауға кеңес береміз. Егер тауардың бағасы тым арзан әрі сатушы ақшаны алдын ала сұраса, оған сенбеген дұрыс. Өйткені алаяқтар өз құрбанын осылай іздейді», — дейді Астана қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Талғат Бөлегенов.

 



sputniknews.kz