Астанада Серікжан Біләш ұсталды
Қысқа сілтеме алу
Серікжан Біләш ұлтаралық алауыздық тудырды деп айыпталып отыр
АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Кеше Астанада Серікжан Біләш ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік және ұлтаралық алауыздық тудыруға бағытталған қасақана әрекеттер жасады деген күдікпен Серікжан Біләшті ұстады.
«Тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», — делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде Серікжан Біләштің ұсталғаннан кейін жасаған мәлімдемелері тарады.
«Мені 10 наурызда түнгі сағат бір-екі шамасында Астана қаласының полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласында тұтқындап, түнде ұшаққа мініп, таңертең Астанаға жеттік. Дәл қазір мен Астананың полиция департаментіндемін…Ешқандай жаза, қорлық, қысым көрген жоқпын. Ең басты айтайын дегенім, мені қытайлар ұрлап кеткен жоқ», — дейді видеода Біләш.
Сондай-ақ ол өзіне Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни ұлтаралық араздық тудырды деген айып тағылып отырғанын айтқан.
«Мен бұл айыптармен келіспейтінімді айттым. Істі Астанада емес, Алматыда қарау туралы шағым түсіремін», — деді ол.
Айта кетсек, Серікжан Біләш – Қытайдан келген этникалық қазақ, «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі.
sputniknews.kz