Астанада сауда орталығының бірінде қыздың үстіне пальма ағашы құлады
Қысқа сілтеме алу
Омыртқасына зақым келген Астана тұрғыны ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер қыздың жағдайын айтып берді
АСТАНА, 9 наурыз — Sputnik. Астанадағы сауда орталықтарының бірінде эскалатормен түсіп келе жатқан қыздың үстіне пальма ағашы құлады.
Сұмдық оқиғаны сол жерде болған адамдардың бірі түсіріп алған. Видеодан қыздың пальманың астында қимылсыз жатқанын және оның жанына абыр-сабыр жинала бастаған көп адамды көруге болады.
Оқиға куәгерлері ағаштың қыздың үстіне төртінші қабаттан құлағанын жазып жатыр.
Оқыс жағдай сегізінші наурызда кешке болған. Оқиға орнына полицейлер жіберілді, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға полиция департаментінен.
Зардап шеккен қыз екінші қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің 32 жастағы Астана тұрғынына алдын ала қойған диагнозы – омыртқаның кеуде тұсы сынған.
«Қазір оның жағдайы тұрақты, есін жиды, сөйлейді. Кеуде және бел омыртқаға компьютерлік томография жасап жатырмыз. Ол жүретін болады, аяқ-қолы қимылдайды. Қатты соққы алғандықтан қазір ол төсектен тұрмай жатыр», — деді Sputnik Қазақстан тілшісіне екінші қалалық аурухананың дәрігерлері.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 306-бап «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыс істеу немесе қызмет көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тиісті сараптамалар белгіленді, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Бұл істі қалалық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.
Астанадағы ірі сауда орталығының өкілдері әзірге бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермей отыр.
sputniknews.kz