Астанада ҚХА кәсіпкерлер форумы өтіп жатыр

0
20 Желтоқсан 2018, 12:12 173 0

Фото: автор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазір Астанада «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясының 5 бастамасы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясының форумы өтіп жатыр.

Форум Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмалардың шеңберінде отандық өнімдерді және қазақстандық кәсіпкерлердің импорт алмастыру бойынша бастамаларын насихаттауға бағытталған.

Оған ҚХА төрағасының орынбасары — Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Л.Прокопенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, Қазақстан Республикасының шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, іскерлік-қауымдастық, жас стартапшылар, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері және т.б. қатысуда.

Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер ассоциациясы құрамына кіретін отандық тауар өндірушілердің, қолөнершілердің, жастар стартапшылардың өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.

ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының құрамына кіретін отандық тауар өндірушілердің бірі «Виркро» ЖШС директоры Абылай Сағалбайұлы тұрмыстық, құрылыс әрі медициналық заттарды қалдықтан өндіріп шығаратын кәсіпорынды басқарады. Ол көрмеде өз өнімін ұсынды.

«Аураханалар мен қоқыс үйінділерінен алынған қалдықтарды қайта өңдеп шығарамыз. Кәсіпорнымызда 5 адам жұмыс істейді. Жұмыстарды ыңғайландырсақ, айына 45 тонна таза битум шығара аламыз. Бүгінде ол өнім Қазақстан нарығында кем дегенде 130 мың теңге тұрады. Ал оның өз бағасы 20 мың теңге болып отыр. Импортты алмастыру және жаңа жұмыс орындарын құруды жүзеге асырып жатырмыз», — деді кәсіпкер.

Директордың айтуынша, кәсіпорын ауаны ластамайтын технологиялармен жұмыс істейді.

«Біздің нарықта 2012 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Кезеңдеп жұмыс көлемін арттырып жатырмыз. Ресей технологиясын тәжірибеде қолданамыз. Өнім сапалы болу үшін тәжірибемізді жақсартып, жетілдіріп тұрамыз. Кейде тұрмыстық қалдықтарды Ресейден, Беларустен жеткізетін жағдайлар болады. Себебі, бізде қоқысты жинайтын алаңға қаржы жетіспей жатады. Сондықтан да бізге сырттан жеткізілген қалдық тиімдірек», — деді ол.

ҚХА Кәсіпкерлер ассоциациясының 5 бастамасы мынадай:

1. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін іске асыру — ғылыми аграрлық-инновациялық орталық құру, ақ шашты тәжірибелі адамдарды белсенді, ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік және отандық мамандарды тарту;

2. Жастар кәсіпкерлігін қолдау – жас, бастамашыл кәсіпкерлерді қолдау, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, өңірлерде Жастарды қолдау орталығын құру;

3. Импортты алмастыру және кооперация орталығын дамыту — халық тұтынатын тауарларды өндіретін кәсіпорындардың («қарапайым заттардың экономикасы») ынтымақтастығын дамыту;

4. Технология және құзыреттерді беру — заманауи технологияларды тарту, кәсіпкерлерге жаңа бизнес дағдыларын үйрету;

5. Жасыл экономика — табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған жобаларды қолдау және ілгерілету, табиғат пайдаланушыларының одағын, көгалдандырушылар консорциумын құру.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ