Астанада өзбекстандық тоғыз азаматша сексуалды құлдықта болған — новости Казахстана

0

Өзбекстанның тоғыз азаматшасы өздерінің Астанада мәжбүрлі түрде жезөкше болғанын жайып салды деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.

Көрнекі сурет. Фото:bloknot-volgograd.ru

Көрнекі сурет. Фото:bloknot-volgograd.ru

Жәбірленушілердің айтуынша, оларды ұрып-соғып, құжаттарын тартып алған.

Аты-жөндерін атамауды өтінген өзбекстандық бойжеткендердің барлығы Қазақстанға ақша табу мақсатымен келіпті.

“Қандай жұмысқа келе жатқанымды білдім. Бірақ, адамша келіскен соң, «ақша төлемей қояды», «қинайды» деп ойламадым. Жағдайымыз адам көргісіз болды. Ауырып тұрсаң да қарамайды. Жұмысқа шыға алмай қалсаң, қарыз қылып мойнымызға іле берді. Бірнеше рет қашуға тырыстық. Бірақ тіпті әкімшілердің өзі естімейтін саунаға апарып өлімші етіп сабады”, — дейді Өзбекстан азаматшасы.

Олар бұл жұмысты арадағы делдалдар арқылы тауып алыпты.

Ол аздай жезөкшелер күніне өздерін күштеп ұстап келген әйелге 17 мың теңгеден төлеуге міндеттелген. Оның жеті мыңы — көлік жүргізушісіне берілсе, ал он мың әлгі әйелдің үлесі болыпты.

«Құрбым осы жұмысты мақтап, маған көмектесемін деді. Сөйтсем, өзі де жезөкшелікпен айналысыпты. Мені ана әйелге 200 долларға сатып жіберіп, өзі қашып кеткен. Өз бетімше аяққа тұрамын, балаларымды асыраймын деп алдандым. Өзім балалар үйінде өскенмін. Жақын адамым жоқ”, — деп ағынан жарылды тағы бір келіншек.

Ал «Оңалту» орталығының өкілі Яна Пинкус келіншектердің жағдайы тым ауыр екенін айтты.

“Бұл әйелдер бізге 22 қыркүйек күні түнгі уақытта түсті. Полиция департементінің қызметкерлері алып келді. Жағдайлары өте нашар еді. Әбден қорыққан, азып-тозған. Қолымыздан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз. Қазір олармен психолог мамандар жұмыс істеуде”, — дейді Яна Пинкус.

Айта кетейік, жедел іздестіру барысында 40 жастағы күдіктіні қолға түсірген.

“Жедел іздестіру шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері 40 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 308 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Астана қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Софья Қылышбекова.