Астанада ондаған адам мемлекеттік наградалармен марапатталды
Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жоғары шенді шенеунік пен бизнес, білім беру және мәдениет салалары және құқық қорғау органдары өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Қазақстан тәуелсіздігі күні қарсаңында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева «Құрмет» орденімен, қорғаныс министрінің орынбасары Мүсілім Алтынбаев, Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев ІІ дәрежелі «Даңқ орденімен, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев І дәрежелі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан президентінің телерадио кешені» акционерлік қоғамының басшысы Ерлан Бекхожин «Парасат» орденімен марапатталды.
Жазушы Қабдеш Жұмаділ ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Актриса Самал Есләмова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Дереккөз: Азаттық