Астанада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Жаңалықтарға шолу

0

Атыраудағы балықтың жаппай қырылуы: «Атырау су арнасы» суды химикаттармен ластаған

Жайық өзенінің ластануына «Атырау су арнасы» кінәлі көрінеді. Кәсіпорынға тексеріс жүргізген облыстық экология департаменті осындай қорытындысын жариялады. Зерттеу қорытындысы өзен суында хлорид көрсеткіші нормадан шамамен 5 есеге артық екенін көрсетті.

Қазір «Атырау су арнасына» қатысты әкімшілік іс қозғалды. Алайда, кәсіпорын сарапшылардың мұндай қорытындысымен келіспей отыр. Айтуларынша, «Хлорид кез-келген өзен суы құрамында болады».

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды

Астана әкімдігінің коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға кезекте тұрғандардан құжаттар қабылдана бастады. Бұл туралы еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Құжатты 11 санат бойынша кезекте тұрған азаматтардың барлығы тапсыра алады. Олардың ішінде көп балалы аналар мен мүгедектер, әскер қызметкерлер мен оралмандар бар. Құжат қабылдау Астана қаласы, Достық көшесі, 13 үй, №3 кабинетте сағат 8-30 дан 17-00-ге дейін жүргізіледі.

Қаңтарда жылы болады

Синоптиктердің болжауынша, жаңа жылдың алғашқы айында жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болады. Тек Павлодар, ШҚО және солтүстік өңірде нормадан аз болады. Бірінші онкүндіктің басында Республиканың солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аймақтары суық антициклонның ықпалында қалады. Сынап бағанасы түнде – 25…30°С, кей жерлерде – 35°С дейін, күндіз – 15…20°С, кей жерлерде 25 градусқа дейін төмендеп, аяз болады.

Ал, еліміздің батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстігінде ауа райы айтарлықтай суытпайды. Ауа температурасы түнде – 2…7°С, кей жерлерде – 12°С-қа дейін аяз, күндіз + 0…5°С жылы, кей жерлерде – 5 градусқа дейін суық болады.

2018 жылдың соңғы сауда-саттық күнінде доллар 383 теңгеге сатылды

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысы бойынша доллар бағамы кешегіге қарағанда тағы 3 теңгеге қымбаттап, 383,46 теңгеге бағаланды. Жылдың соңғы аптасында АҚШ валютасы күш алып, теңгені бірден 11 теңгеге құлдыратты.

1 қаңтардан бастап автокөлік иелері сақтандыру шарттарын онлайн режимде жасайды

Сақтандыру ұйымдарының клиенттерін интернет-ресурстарды пайдалана отырып, сақтандыру полисін электронды түрде рәсімдей алады. Шарттың электрондық нысаны міндетті сақтандырудың барлық түрлері бойынша енгізіледі. Жыл басынан бастап автокөлік иелері әкімшілік полицияның қызметкерлеріне көрсету үшін сақтандыру полисін өзімен бірге алып жүруге міндетті болмайды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Атыраудан балық жеткізуге шектеу қойылды. Балықты күзде аулап, қатырып қойған кооперативтерге өз өнімін сатуға тыйым салынбайды. Бірақ, Жайық пен Перетаскада балықтың қырылуының барлық себептері анықталғанша, уланған балық пен балық өнімдерінің жергілікті базарлар мен басқа облыстарға жіберілмеуіне ерекше назар аударылып отыр. Бұны қадағалау ісін ІІД мен жергілікті полиция қызметіне тапсырылды.

Baq.kz: Қазақстан мобильді интернеті арзан елдердің ондығына кірді. 2018 жылдың желтоқсан айындағы мәліметтерді жинақтаған Content Review ақпараты бойынша, Қазақстан мобильді Интернеті өте арзан он елдің тізімінде төртінші орында тұр. Қолжетімді арзан Интернет бойынша тізімде біздің елдің алдында Румыния, Польша мен Үндістан тұр. Мұнда 1 Гб үшін орташа баға 208 теңгені құрап отыр. Румынияда – 49 тг/Гб, Польшада – 122 тг/Гб, Үндістанда – 128 тг/Гб құраған.