Астанада наразы әйелдер жаңа депутаттардың ел алдына шығуын талап етті

0

Бірнеше айдан бері әлеуметтік желілерде әртүрлі наразылық тудырған заң жобасына байланысты бір топ әйел бүгін министрліктер үйіне барған.

Азаттық радиосының хабарлауынша, дүйсенбі күні таңда астанада бір топ әйел «отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы заңды түсіндіруді талап етіп, еңбек және әділет министрліктерінің ғимаратының алдына жиналған. Олар шенеуніктердің жауабына қанағаттанбағанын айтып, Парламентке беттеген.

Алайда аналар мен әйелдердің алдын арнайы жасақ бөгеп, парламентке барар жолды жапқан. Ақпарат құралының дерегіне қарағанда, ол жақта 50 шақты арнайы жасақ өкілі, бірнеше автобус тұрған.

Әйелдерді оқиға орнынан әкетпек болған полиция әрекетінен соң тәртіп сақшылары мен бірнеше әйел жұлқыласып қалған. Қалың жасақтың арасындағы ақжағалылары әйелдерді мәселені «Жанұя» орталығында талқылауға көндіріп бағуда. Бірақ әйелдер жетінші шақырылымдағы жаңа мәжіліс депутаттарының шығуын талап етеді.

Түстен кейін наразылармен сөйлесуге қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов келді.

– Негізінен екі мәселеге наразы болып тұрсыздар ғой. Бірі тұрғын үй жағдайы сәйкес келмесе, онда балаларды тартып алады-мыс деген жорамал. Заңда ондай талап жоқ. Бала белгілі бір жасқа келген кезде жынысына қатысты ой-пікірін айтады-мыс деген нәрсе де заңда қарастырылмаған. Ондай нәрсе жоқ, – деп еді әйелдер «ондай нәрсе бар!» деп айқайлап, шулап кетті деп хабарлайды Азаттық.

18 қаңтар сағат 14:30-дегі жағдай бойынша, әйелдердің біраз бөлігі тарқаған, біраз бөлігі депутаттармен кездесеміз деп министрліктер үйі маңында қалған.

Былтыр қыркүйекте мәжіліс 49 баптан тұратын «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 18 қаңтарда министрліктер үйіне келген наразы әйелдер заң жобасында бұлыңғыр ұғымдар көп екенін айтып, оны мақұлдаған және әзірлеген шенеуніктермен кездескісі келетінін айтқан.

Отбасы құндылықтарына және ішкі мәселесіне қауіп-қатер төндіретін, «шикі» тұстары көп деп жиі сыналып жүрген құжатқа наразылар артып келеді. Заң жобасының толық мәтіні қолжетімсіз. Билік тарапынан жалпыхалықтық деңгейде ашық түсіндіру жұмыстары бастала қойған жоқ.

*Ақпарат толықтырылды

Дереккөз: «The Qazaq Times»