Астанада мүгедек баласы бар ондаған көп балалы ана баспана мәселесін шешуді талап етті
23 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстан индустрия және инфрақұрылым министрлігінің ғимараты алдында мүгедек бала бағып отырған көп балалы отыздан аса ана келді.
Олар баспана мәселесіне шағынып, мүгедек баласы бар көп балалы аналарға арнаулы баспана кезегін құруды сұрады. Жиналғандар «көп балалы аналар үшін әкімдік құрған арнаулы баспана кезегіне мүгедек балалылар қосылса, кезегіміз ұзарып, біз артта қалып қоямыз» деді.
Наразылар маңында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Тұрғын үй қорының өкілдері жүр.
Министрлік өкілдері аналарды ішке кіргізу үшін арнаулы тізім жасап, жиналғандардың аты-жөнін жазып алды. Министрлік әуелде аккредитация жоқтығына сілтеп, Азаттық тілшілерін кіргізбейтінін айтқан. Алайда аналар «ғимаратқа тілшілерсіз кірмейміз» деп талап қойған соң журналистер ішке өтті.
Аналардың алдына құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов келді. Оның сөзінше, бұрын басқа санатта тұрғандар көп балалыларға арналған жаңа кезекке ауысқанда алдыңғы кезекте қанша уақыт тұрғаны есепке алынбайды.
— Кейбір азаматтар «кезінде оралман, зейнеткер, мүгедек не мемлекеттік қызметкер санатымен баспана кезегіне тұрып едік. Енді көп балалылар санатына тұрайын десек, бүгінгі күнмен тұрыңдар» деді» дейді. Бұл енді заң талабы, — деді Жайымбетов.
Комитет төрағасы «астанада баспана кезегінде көп балалы отбасылар санаты бойынша 3000 адамның кезекте тұрғанын, аналар осы санатқа ауысса, баспана алу кезегі тезірек келетінін» айтты. Бірақ аналар бұған қарсылық білдіріп, наразы болды.
Аналар комитет төрағасының жауабына разы болмай, «Қазақстанның экономика, денсаулық сақтау және еңбек министрлері алдымызға келмейінше осында күтеміз» деп талап қойды.
Жаңалық толықтырылады.