Астанада мұғалімдерге арзан баспана беріліп жатыр
Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтанда тұратын 100 мұғалім жатақханадан орын алып үлгерді. Жалпы, орталық 350 адамға арналған
НҰР-СҰЛТАН, 10 қазан – Sputnik. «Jas ustaz» орталығында жатын орындар ғана емес, өзара тәжірибе алмасуға арналған аудиториялар да бар. Sputnik Қазақстан тілшісі елордалық мұғалімдер үшін алғаш рет ашылған жатақханада болып, жас ұстаздардың жағдайын көріп қайтты.
Бес қабатты жатақханаға жас мұғалімдерді ғана қабылдайды. Олардың ішінде мектеп, колледж және тағы басқа білім беру мекемелерінің қызметкерлері бар. Жатақхананың жолдамасын бірінші болып алғандардың арасында педагог-дефектолог Жангүл Бөрібаева да бар. Ол №1 педагогикалық-психологиялық түзету мекемесінде жұмыс істейді. Өзі – Қызылорданың тумасы. «Серпін» бағдарламасымен Қостанай қаласында білім алып, астанаға жұмыс істеуге келген. Оның айтуынша, жатақханаға қабылдау кезінде нақты талаптар болған.
«Біріншіден, қызыл диплом болуы керек. Сосын тұрмысқа шықпаған маман болуы шарт. Үшіншіден, жас маман болуы және тұрақты тіркеуде тұрғаны қажет. Мен өзім бұрын жалдамалы пәтерге 35 мың теңге төлеп тұрдым. Жатақханада 15-16 мың болады дейді. Әрине, жатақханада тұрған тиімді. Оған қоса, менің жұмыс орным да жап-жақын», — деді Бөрібаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал әлеуметтік педагог Әйгерім Көнекбаеваның жұмысы алыс. Ол таңғы сағат 6:00-да тұрады. Себебі Интернациональный кентіне дейін бір жарым сағат жүру керек. Дегенмен, оған да жатақханада тұрған тиімді.
Тағы оқыңыз: Мұғалімдер бірқатар жеңілдіктен қағылды – министр себебін түсіндірді
«Мен Алматыда №44 мектепте жұмыс істедім. Еңбек өтілім – екі жыл. Жақында астанаға түйіндемемді жібергенмін. Сөйтіп, бір ай бұрын осында ауысып келдім. Бір қызығы, мына жақта да №44 мектеп жұмысқа шақырды. Жатақхана туралы естіген бойда бірден арыз жазып, орын алдым», — дейді Көнекбаева.
Жатақханада қыздар мен ұлдар аралас тұрады. Бірақ бөлмелер бөлек беріледі. Колледж мұғалімі Ержас Нұрахметтің сөзіне қарағанда, астанада жұмыс істеп жүргеніне екі жыл болған. Құжаттарын тапсырғаннан кейін бірден жатақхана берген.
«Әрине, салыстырмалы түрде алғанда жатақханада тұрған тиімді. Біріншіден, ақысы төмен. Мен өзім айына 17 мың теңге төледім. Екіншіден, әріптестермен бірге тұрғаннан кейін өзара тәжірибе алмасуға және білімді ұштауға өте ыңғайлы», — деп атап көрсетті Нұрахмет.
Осы уақытқа дейін жатақханадан 100 мұғалім орын алып үлгерді. Жалпы, орталық 350 адамға арналған. Осы жерде елордалық жас мұғалімдер клубы мен көшбасшылардың резерв мектебі де болады.
sputniknews.kz