Астанада Кореядағы Бүкіләлемдік маскалар музейінің көрмесі ашылды

0
146
16 Қараша 2018, 12:50 253 0

Фото: Гүлжан Раманкулова

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Корей халқы маска жасау өнерімен де елорда жұртшылығын таңғалдырмақ. Осы мақсатта Ұлттық музейде «Корей халқының дәстүрлі маскаларының көрмесі» ашылды.

Көрменің ашылуына арнайы келген Қазақстандағы Корея Республикасының өкілетті және төтенше елшісі Ким Дэсик алғысөзін қазақша амандасудан бастады.

«Сәлеметсіздер ме! Бүгінгі көрме Корей мәдени орталығының белсенді жұмысының нәтижесінде ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, корей халқының дәстүрін, мәдениетін жақсы көретін астаналықтардың арқасында деуге де болады. Бүгін Астанада күн суық. Бірақ мұндай аяз болмаса, Астана «Астана» болмас еді. Дегенмен осындай аязға қарамастан, көрменің ашылуына жиналғандырыңыз үшін алғыс білдіремін. Бүгін сіздер корей халқының дәстүрлі маскаларымен танысасыздар. Маскалар дәстүрінің маңызы жоғары. Бұл маскалар Андон қаласынан келді. Аталған қала – Кореяның мәдени орталықтарының бірі. Кореяға келген барлық турист немесе лауазымды тұлға болсын, міндетті түрде, Андон қаласына баруға тырысады. Сол қаланың елді мекенінде орналасқан Хахве бүкіләлемдік маскалар музейі арнайы 60-тан астам масканы әкелді. Адам үшін сатира мен қалжың керек. Сондықтан дәстүрлі маскалар қолданылатын қойылымдарда осы жанр басым», – деді Ким Дэсик.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Елші елордалықтарды 16-17 қарашада «Астана балет театрында» өтетін Суён ауданынан келген Корей дәстүрлі маскаларымен би қойылымына шақырды.

Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин корей халқының көрмесіне келушілердің қатары көп екенін атап өтті.

«Қазақстан-Корея қарым-қатынасы мәдени салада жақсы дамып келеді. Өткенде кореялық қылқалам шебері Ли Чольсудің музейімізде ашылған көрмесін 7000-ға жуық адам тамашалады. Бұл – Ұлттық музей мен Корея елшілігінің бірлесе атқарған жұмысының жемісі. Бүгінгі көрме арқылы аталған елдің дәстүрі, мәдениетімен таныса аласыздар. Сонымен қатар, біз де Кореяда қазақстандық шеберлердің көрмесін ашамыз», – деді ведомство өкілі.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Андон қаласының Хахве елді мекеніндегі Бүкіләлемдік маскалар музейінің директоры Ким До Пьенің айтуынша, маскалардың тарихы ғасырға жуық.

«Хахве елді мекені 800 жылдан бері осы маскаларды сақтап келеді. Олар ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне кірген. Сонымен қатар, Корея Республикасының ұлттық мұрасы болып есептеледі. Барлық елде маска бар, бірақ маска дәстүрі кездесе бермейді. Бұл маскалар қарапайым халықтың тұрмысы, қуанышы мен қайғысы, бай мен кедейдің арасындағы қатынасы туралы сыр шертеді», – дейді музей директоры.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Көрме 2018жылдың 15 қарашасы мен 23 желтоқсаны аралығында ашық болады.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ