Астанада көпбалалы аналарға киім, азық-түлік тарататын тегін дүкен ашылды — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Астанада әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арналған тегін дүкен ашылды. Қайырымды жандар ол жерге киім-кешек, техникалық заттар, ойыншықтар тіпті азық-түлікке дейін әкеліп жатыр екен.
Бірақ, «тегін» деген сөзді естіп дүкенге жалғызбасты отбасылармен жағаласып, жағдайы жақсы жандар да ағылып келеді екен, деп хабарлайды Евразия.
Ал, қайырымдылық қор өкілдері киім-кешекті тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға береміз дейді. Ол үшін бірсыпыра құжаттар қажет көрінеді.
Әлеуметтік дүкеннің ашылғанына 3-4 күн ғана уақыт өтсе де, мұнда келушілердің қатары сағат санап артып барады. Өйткені, бұл жерге қайырымды жандар киім-кешектер мен пайдалануға жарамды заттар әкелуде. Бірақ, бір өкініштісі дүкен қызметкерлерінің айтуынша, мұнда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қарағанда материалдық жағынан жақсы қамтылған адамдар тегін затты алып қалуға көптеп келуде. Иә, тегін зат кім-кімге де артық етпейді. Бірақ, дүкеннен қарны тоқ, киімі бүтін бола тұра көрсеқызарлықпен шүберекті алып қалуды ойлаған жандарды да көзіміз шалып қалды. Үстіне кигені тон, қолында соңғы үлгідегі смартфон болса да киім ілгіштерде ілініп тұрған жұпыны заттарды жапа-тармағай қарап жүр. Дегенмен, расымен де жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандар жоқ емес мұнда.
«Керек негізі, жақсы болушы еді. Көбірек болса. Азық-түлік болса одан да күшті болушы еді», — дейді жалғызбасты ана.
Расымен де әп-сәтте киімге лыққа толы сөрелер босап қалған. Мұқтаж жандар алдымен өзінің жеке басын куәландыратын құжаттар мен балаларының туу туралы куәлігін көрсету арқылы әрқайсысына 2 киімнен таңдап алады екен. Оның барлығын қордың өкілдері компьютерге тіркеп отырады.
Керек, керек барлығына керек мұндай дүкен. Әсіресе көпбалалыларға. Жағдайы жоқ төмен адамдар бар ғой сондайларға керек. Менің өзімнің 6 балам бар. Көпбалалы анамын. Естіген соң келгенбіз», — дейід Зәуреш Батталова.
Алайда, дүкендегі бірді-екілі қызметкерлер қоймадағы заттарды шығарып үлгере алмай жатыр. Сәл-пәл жаңа киімдерге қол жеткізгісі келген адамдар қайырымды жандардың алып келген заттарын есік алдында аңдумен әлек. Ал, халықтың бейқам әрекетіне наразы болған еріктілер келушілерге мынадай өтініш айтады.
«Келіп жатқан адамдарға бір ғана өтінішіміз бар. Киім ілгіште тұрған киімдерді қалай болса солай шашып тастап кетеді. Кішкене мәдениеттілік сақтайық. Таласып жатады, мен бірінші көрдім мен таңдадым деп. Халық көп біз жалғыз. Үлгермей жатамыз кейде», — дейді ерікті Ерден Есенов.
Айналасы 3-4 күннің ішінде әлеуметтік дүкеннен 1000-нан астам отбасы киініп үлгерген. Алдағы уақытта қайырымдылық қор өкілдері осындай орталықтар санын арттырмақ. Айтуларынша, жағдайы төмен отбасыларға қалада алғашқы азық-түлік тарататын жер де ашпақ ниетте.
«Енді, біз категорияға бөлдік. Көпбалалы ана, жалғызбасты аналар 2-3 баласы барлар. Және жанұясында мүгедек барлар. Сондықтан көпбалалы ана болғаннан кейін, категория бойынша келіп киініп кетіп жатыр. Құжаты барлығы бар. Құжатсыз ешкім келіп киінбейді. Барлығы тексеріледі», — дейді қайырымдылық қордың өкілі Берік Арыстанбаев.
Десе де, қор өкілдері мұқтаж жандарға жылу жасағысы келген азаматтарға әрдайым есігіміз ашық дейді. Бастысы, өткізетін затыңыз кәдеге жарамды болса болды. Ал, қайырымдылық акция аясында әлеумет бірсыпыра жылы киімдерге, ал балалар ойыншыққа қарқ болып қайтты.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz