Астанада көп балалы аналар билікке талаппен келді
18 наурызда Астана ондаған көп балалы ана Министрлер үйіне келіп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен кездесуді талап етті. Бірақ келгендерді ғимаратқа кіргізбеді.
Министрлер үйіне келген аналардың бірі Қабира Балуанның сөзінше, «полиция жиналған әйелдерді күштеп автобусқа салып алып кеткен». Кейін көп балалы аналарды «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалына апарған. Бұл жерге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтанов келген. Жиналғандардың сөзінше, Сапарбаев көп балалы аналармен бес минут сөйлескен. Министр 1 сәуірден бастап арнайы әлеуметтік көмек көрсетіле бастайтынын айтқан. Көп балалы аналардың сұрағына министр мен әкім жауап бермеді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция көп балалы аналарды автобусқа салып, қалалық әкімдікке алып кеткен. Әкімдік өкілдері әлеуметтік мәселелерді шешуді талап еткен әйелдерді департамент басшылары қабылдайтынын айтты. Журналистерді әкімдік ғимаратына кіргізбеді.