Астанада иесіз жануарлар паналайтын 700 орындық орталық салынып жатыр

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 16:59 153

Астанада иесіз жануарлар паналайтын 700 орындық орталық салынып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада қаңғыбас жануарларға арналған мемлекеттік мекеменің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес нысан келесі жылдың көктемінде пайдалануға беріледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.   

Қаланың ветеринарлық қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Астанада панасыз жануарларға арналған «Асенька» және «Ковчег» атты 2 жеке мекеме бар.

«Сонымен қатар, елордада иесі жоқ жануарларға арналған мемлекеттік мекеменің құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылдың 30 сәуірінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда», — деді «Астана ветқызмет» кәсіпорны директорының орынбасары Медет Қылышбаев.

Жануарлар үйі 700 орынға лайықталған. 500 орын қаумал типті болса, 200 орын карантинді аймақта орналаспақ.

Жануарларды мұнда ұстау мерзімі әзірге белгіленген жоқ. Ал «Астана ветқызмет» қазіргі таңда жануарларға чипті тегін тағу, оларды зарарсыздандыру акциясын, құтыруға қарсы екпені тегін егу шараларын жүргізіп жатыр.

2019 жылға кәсіпорын иттерге арналған чиптердің 8 мың данасына, 5 мың ит пен мысықты тегін зарарсыздандыру мен піштіру жұмысына  тапсырыс берді.

Құтыруға қарсы екпе ақпаннан бастап егіледі.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 11 мың жануар егілмек. Олардың 3 мыңы — мысықтар, 8 мыңы — иттер.

«Біз мәслихатқа жануарларды ұстау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсынысымызды айттық. Біздің ойымызша, азаматтарды өз жануарларын  зарарсыздандыруға міндеттеу керек. Иелері оларды өсірумен айналыспаса, әрине. Сондай-ақ, жануарларға чип тағуды міндеттер қатарына енгізуді ұсынамыз. Бұл азаматтардың өз жануары үшін жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді», — деді Медет Қылышбаев.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz