Домой Жаңалықтар Астанада ерекше әдіспен 100 адамды сан cоқтырған алаяқ ұсталды

Астанада ерекше әдіспен 100 адамды сан cоқтырған алаяқ ұсталды

0
158

Қостанай тұрғыны интернетте кредит беремін немесе кредит тарихын жақсартамын деген жалған жарнама орналастырған

АCТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Астанада интернетте алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

21 ақпанда елордалық криминалды полиция қызметкерлері бұрын сотталған Қостанай қаласының тұрғынын ұстаған.

Полицияның мәліметіне сәйкес, күдікті қаржылық ұйымдарда жұмыс істемесе де, интернетте кредит беремін немесе кредит тарихын жақсартамын деп жалған жарнама орналастырған.

«Алаяқ бөтен адамның атымен жалған келісімшарт жасаған. Кейін ол сақтандыру қызметін көрсетемін деген сылтаумен азаматтардан алдын ала банк картасына ақша аударуды сұраған. Бірақ банк картасы қайтыс болған тұрғынның атына тіркеліпті. Күдікті ақшаны алған соң, интернеттегі жарнама мен телефонын өшіріп, ізін суытып отырған», — деп жазылған хабарламада.

Алаяқ сақтық жасағанына қарамастан полиция оны қолға түсіріп, уақытша тергеу изоляторына қамады.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің 100 алаяқтық іске қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті алақтық әрекеттен зардап шеккен тұрғындардан төмендегі телефонға хабарласуды сұрайды: 71-62-91, 71-63-35, 8701-333-35-18, 8702-482-22-78.

Сондай-ақ астаналық тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына интернеттегі алаяқтардан абай болуға шақырады. Полиция кредит алу үшін тек заңды жұмыс істейтін қаржы ұйымдарына баруға кеңес береді.



sputniknews.kz