Астанада автобус жүргізушілеріне ерекше мәртебе берілді
Астанада автобус жүргізушілеріне ерекше мәртебе беріліп, жалақысы артады
АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Жүргізушілердің ішкі классификациясы және оларды қалай ынталандыратыны туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма басшысы Бекмырза Игенбердинов айтып берді.
Автобус жүргізушісінің ең төменгі жалақысы – 200 мың теңге, орташа жалақы – 250 мың теңге. Жол апатына түспеген, жол жүру ережесін бұзбайтын, жағымсыз пікір алмаған үздік жүргізушілер қосымша бонустарға ие болып, жалақысы 400 мың теңгеге жетуі мүмкін.
«Бізде құрмет тақтасы деген бар – қаһармандар мен суперқаһармандар. Атына шағым түспеген, жол апатына ұшырамаған, талаптарды дұрыс орындап, өз жұмысын жақсы көретін жүргізушілер суперқаһарман атанады, жалақысы да жақсарады», — деп түсіндірді Игенбердинов.
Астанада көліктік картаға ақша салудың ең қарапайым тәсілі
Сонымен бірге, компанияда вакансиялар бар екен – мамандар жетіспейді.
«Жүргізушіге ауыртпашылық түспес үшін бір автобусқа 2-3 адамнан келуі керек, қазір олар артық жұмыс істеп жүр. Қала бойынша 900 адам жетіспейді. Қазір Астанада 1 500 жүргізуші бар», — деп хабарлады «Астана LRT».
Компания тәртіп бұзғандарға айыппұл салынатынын да жасырмады. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 900 жүргізуші тартылыпты. Айыппұл сомасы 12 миллион теңгеге жетеді.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/