Астанада автобус жүргізушілері жалақының кешіктірілуіне байланысты жұмысқа шықпаған — Ел жаңалықтары

0

Астанада алты бағыт бойынша жүретін автобустардың жүргізушілері жалақының кешіктірілуіне байланысты жұмысқа шығудан бас тартты. Бұл туралы «Астана LRT» баспасөз қызметіндегілер мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

27 қараша таңертең Астана тұрғындары автобустардың жүрмей қалғанын айтып, шағымданды. Астаналықтардың кейбірі автобусты 40 минут және одан да көп уақыт бойы күткен, ақыры такси шақыртқан.

«Астана LRT» баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, елорданың алты бағыт бойынша қоғамдық көліктерінің жүргізушілері таңертең жұмысқа шықпаған.

«№2 Автобус паркі» ЖШС жүргізушілерінің мәлімдеуінше, парк басшылығы оларға жалақы төлемеген. № 4, 17, 22, 44, 50 және 52 автобустары жолға шықпаған. Әкімдік өкілдері мен «Астана LRT» ЖШС басшылығы шұғыл түрде басшылармен және автопарк қызметкерлерімен келіссөз жүргізді», — деді ведомстводағылар. 

Келіссөздер барысында автопарк басшылығы екі жұмыс күні ішінде жалақы бойынша қарызды өтеуге уәде берді.

«Бұдан былай жалақы белгіленген уақытта және толық көлемде берілетін болады. Келіссөздерден кейін автопарк жүргізушілері штаттық кесте бойынша желіге шыға бастады. Сағат 9.00-ге қарай барлық автобус жолға шықты», — деді «Астана LRT» өкілдері.