Астанада 17 миллиард теңгеге жаңа стадион салынады

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ескі стадионның орнына жаңасын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 17,3 миллиард теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы жаңа стадионға қаржы қайтарылған активтерден жұмсалады. Кешеннің құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Елордада бой көтеретін спорт нысаны 3598 орынға есептелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындар да қарастырылған.
Жаңа стадион UEFA халықаралық стандарттарына сай салынады. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды Астана әкімдігінің №8олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беру көзделген.