Астанада 1600-ден астам адам аязда үш қашықтық бойынша жүгірді

0
Астана марафон
Фото: 24.kz

Астанадағы Триатлон паркте өткен қысқы марафонға 1,6 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы Бақыт Сұлтановтың баспасөз қызметі хабарлады.

Далада сарышұнақ аяз тұрса да (сынап бағанасы -25 градусқа дейін түсті), кәсіби спортшылар жарыс алдында дене қыздырып, әуенге билеп көңілді тұрды. II Astana Winter Marathon атты сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің 300-ден астамы еліміздің аймақтарынан және Ресей мен Украинадан келіпті. Ең жас қатысушы 12-де, ал ең ересегі 74 жаста. Шыдамдылық пен жеңіске талпынғандар 5, 10 және 21 шақырымдық үш қашықтықта бақ сынады. Ал 42 шақырымдық жарыс қатты аязға байланысты өтпеді. Бұл – бүкіләлемдік талап.

Astana Winter Marathon-ның ұраны – “Шексіз мүмкіндік”. Мұнда физикалық дайындық қана емес, шыдам мен күш-жігерді көрсету де маңызды. Барлық қатысушыға үлгі болған жан – Азия, Африка, Австралия және Американың шөл даласын жалғыз жүгіріп өткен қазақстандық марафоншы, ел мақтанышы Марат Жыланбаев. Ол – осы жарыстың кеңесшісі де, қатысушыларды жігерлендіруші де.

Қатаң климаттық жағдайларға қарамастан адамдар Астана, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Екібастұз бен Оралда да жүгіруге шықты. Адамдарға “қыс келсе де, үйде жатпаңыздар” дегім келеді. Далаға шығыңыздар, жүгіріп, шана, шаңғы тебіңіздер! – дейді Марат Жыланбаев.

Марафонға жартылай жалаңаш қатысқандар да болды.

Жалаңаш марафоншы аязда
Фото. Елтай Дәуленов

Бес шақырымдық қашықтықтағы марафонда Серік Исмаилов пен Адель Шахайдар жеңіске жетсе, 10 шақырымдық қашықтықты алғашқы болып Мирас Жетібаев пен Зарина Ментаева бағындырды. Ал 21 шақырымдық марафонда Базарбай Дауталиев пен Татьяна Миргородскаяға тең келер атлет табылмады. Марафон Астана әкімдігінің қолдауымен өтті, шараның бас демеушісі – BI group компаниясы.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz