Астанада 1 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталған Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты
Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажагұлов пен мердігер ұйымның өкіліне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот Болат Мажағұловты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп таныды. Оған Есіл өзеніндегі «Күн» субұрқағының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылды.
«2016 жылы Астана күнін мерекелеуге арналған «Күн» субұрқағын салу кезінде субұрқақтың құрылысына келісім-шарттар мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізбей жасалған. Субұрқақ жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей тұрғызылған”, – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімімен мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажагұлов 8 жыл 6 айға сотталды.
Іс бойынша тағы бір айыпталушы, мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапин 3 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекет қаржысын жымқыру (ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы) және қылмыс жасауға жәрдемдесу (ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылды.
Сондай-ақ сот Мажағұлов пен Қанапиннен 1 миллиард 86 миллион теңге көлеміндегі шығынды өндіру туралы шешім шығарды.
Еске салайық, прокуратура бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Болат Мажағұловты қамауға алу туралы ақпарат өткен жылдың қыркүйек айының басында шықты. Кейін оны қаржы мониторингі агенттігі растады. Агенттік мәліметінше, экс-басшы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 2016 жылы Астана қаласының туған күнін тойлауға арналған «Күн» фонтанының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілмей, келісімшарттар жасалғаны хабарланған. Сонымен қатар фонтан жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.