Астана тұрғыны перзентхана дәрігерлеріне шағымданды

0
83

Жас босанған әйелдің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты әкімдік тергеу бастады

АСТАНА, 25 ақпан — Sputnik. Астана тұрғыны екінші перинаталдық орталықтың дәрігерлерін босану кезінде көмек көрсетпеді деп айыптады.

Facebook желісіндегі елордалық топтардың бірінде 31 жастағы Ұлбосын Кенжаева жазғандай, 19 ақпанда күндіз ұлын босаныпты, бірақ дәрігерлердің тарапынан ешқандай көмек болмаған көрінеді.

«Босанып жатқанымда, қасымда бірде-бір дәрігер болған жоқ. Палатада батареяның қасында тұрып босандым. Дәрігерлерді айғайлап шақырсам да, ешкім келмеді. Ақыры балам еденде дүниеге келді, кіндігін кесіп, есікке өзім жеттім», – деп жазды ашынған әйел.

Астананың екінші перинаталдық орталығының басшылығы, әйелдің айтуынша, бұл оқиғаны мойындамай, палатада түсірілген видео жазбаны бермей отыр.

Sputnik Қазақстан тілшісінің жіберген сауалына Астана әкімдігі болған жайтқа қатысты тергеу басталды деп жауап берді.

Қала әкімдігі растағандай, 18 ақпанда екінші перинаталдық орталыққа 1988 жылы туған Астана тұрғыны жатқызылған, келесі күні әйелдің толғағы басталып, босану бөліміне ауыстырылады, сол жерде оны бөлім меңгерушісі қарап, артынша ота жасауға кетіп қалады.

«Босану бөлімінде 12:25 пен 12:50 аралығында дәрігерлер бригадасы төрт әйелді босандырып, күрделі ота жасады. 12:50-де Кенжаева еш қиындықсыз тез босанып қалған. Салмағы 3,335 келі, бойы 55 сантиметр ер бала өмірге келді», – деп мәлімет берді әкімдік.

Қазір ана мен бала ауруханадан шыққан, жағдайлары бір қалыпты.

Әкімдіктің баспасөз қызметі атап өткендей, перинаталдық орталықтың дәрігерлері қажетті диагностикалық шараларды түгел орындаған, дегенмен бұл жайтқа қатысты қызметтік тергеу басталыпты. Әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов істі өз бақылауына алды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз