АСТАНА ТАРИХЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ | «Айқын» газеті

0

Астананың 20 жылдығына орай бас қаланың қос газеті – Astana aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланған материалдар негізінде жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесері өтті. Оған елорданың танымал тұлғалары, қала құрылысына үлес қосқан адамдар, Сенат және қалалық мәслихат депутаттары, масс-медиа өкілдері, әртістер қатысып, кітапты құрастырушыларға жылы лебізін білдірді. 

Кітап авторларын қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев құттықтады. «Бұл кітаптан қаланың әр кірпішінің қалай қаланғанын білуге болады. Қаланың қос газетінің тілшілері осы уақыт аралы­ғын­да бас қалада өткен айтулы оқиғалар жайлы мақалалар мен фоторепортаждар жазды. Онда жас қаланың жиырма жылда­ғы кескін-келбеті, елордада өткен айтулы ша­­ралар және қала өміріндегі жаңалықтар жи­­­­нақталған. Бұл кітапты Астананың шежі­ресі деп атауға болады. Осы кітапқа жанын са­лып, биік кәсібилік­пен келген барлық автор­ларға Астана қаласы әкімдігі атынан алғы­сымды айтамын», – деді Ермек Аман­ша­ев.
Аталған кітаптар – Астана тарихы­ның жылнамасы іспеттес. Кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы «Ел жүрегі – елорда ше­жі­ресі», орыс тіліндегісі «Сердце мое – Астана» деп аталады. Онда жас қаланың жиырма жылдағы кескін-келбеті, елорда өміріндегі жаңалық­тар жинақталған. Кітаптың таралымы – 1000 дана.
«Елорда тұрғындары үшін қаланың қалай өзгергендігін көру қызық болады деп ойлаймын. Қазақ тілінде шыққан кітап Astana aqshamy газетіндегі материал­дарға, орыс тіліндегі кітап «Вечерняя Астана» газетіндегі материал­дар­ға негізделген. Екі кітаптағы мате­риал­дар ұқсас болуы мүмкін, бірақ әрт­үрлі журналистердің жазған мақала­лары. Қос кітапта қаланың өсуі, дамуы, ауқымды саяси, мәдени іс-шар­алардың өтуі туралы қызықты мәлі­мет­тер жинақ­талған», – деді Elorda Aqparat ЖШС директоры, жобаның жетекшісі – Қайсар Жұмабайұлы.
Astana aqshamy газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр осындай маңызы бар ерекше кітап турасында: «Бас қалада жиырма жыл­да әлем, ел құлақ түрген түрлі шаралар өтті. Айтулы оқиғалардың әрбірі газет бетінде жарияланып, Астана өмірінің айна­сы ретін­де қатталды. Кітапта ең маңыз­ды да қызықты оқиғалар қамтылды», – дейді.
Болашақта бұл кітаптар еліміздің бар­лық кітапханаларына тегін тараты­ла­тын болады.

Гүлжан РАХМАН

Дереккөз: Айқын