«Астана» қаржы орталығы биржасының алғашқы саудасы басталды

0
Нұрсұлтан Назарбаев
Фото: Аkorda.kz

Қазақстан Президенті “Астана” халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты ресми түрде бастап берді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы іс-шарада сөйлеген сөзінде “Астана” халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев теңгені енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтты.

Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. “Астана” халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасы
Нұрсұлтан Назарбаев биржаның алғашқы саудасы гонгын ұрды. Фото: Аkorda.kz

Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20%-ға жуығын қамтитын “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.

Келешекте біз “Қазақтелеком”, Air Astana, “Қазмұнайгаз” және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. “Астана” халықаралық қаржы орталығы елімізге шетел капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжірибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сонымен бірге оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келешекте “Астана” халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін айтты.

Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға “қаржы астанасы” деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27 сатыға көтерілді. Астана тұрғындар мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын “ақылды қала” ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті мемлекетіміздің барлық бастамасы халқымыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!