«Астана» өз алаңында «Яблонецті» тізе бүктірді

0

АСТАНА. ҚазАқпарат — «Астана» командасы Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-туры аясында өз алаңында Чехияның «Яблонец» командасын тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық ұжым өз жанкүйерлерінің алдында бірінші нөмірмен ойнауға тырысты. 18-минутта бұрыштамадан кейін қолайлы позицияда тұрған 11-нөмірдегі Педро Энрике гол соғып, алаң иелерін алға бастады.

Жіберілген голдан кейінгі қонақтардың ойынында біршама жинақылық байқалды. Шабуылдары үдей түсіп, есепті теңестірді. 41-минутта бұрыштамадан кейін доп елордалықтардың қорғаушысы Бахтияр Зайнутдиновке тиіп, қақпаға кірді. Автогол Бахтиярға жазылды. Бірінші таймда басқа гол соғылмады.

Екінші таймда да командалар өзара тең күрес жүргізді деуге болады. 55-минутта алаң иелері қорғаныста өрескел қатеге бой алдырып, соның салдарынан Эдуард Соболь гол соғып кете жаздады. Абырой болғанда, оның пәрменді соққысы қақпа бағанының ту сыртынан өте шықты.

Астаналықтар екінші таймда гол соғатындай нағыз қауіпті шабуылдарды ұйымдастыруда аса қиындыққа тап болып жүрді. Ойын соңына таяған тұста бапкер Г. Бабаян шабуыл шебін күшейту үшін Роман Мұртазаевты алаңға шығарды. Бұл өз нәтижесін берді: чех командасының қақпасына шын мәнінде шторм ұйымдастырған алаң иелері 88-минутта есепті еселеді. Тағы да бұрыштамадан доп асырылып, Марин Томасовтан доп алған Евгений Постников гол соқты.

Осыдан соң есепке өзгеріс енген жоқ. «Астана» жеңіске жетті.

Енді елордалық ұжым 8 ұпаймен «К» тобында көш бастап тұр.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Аничич, Кляйнхайслер, Педро Энрике (Роман Мұртазаев — 80′), Томасов, Маевский, Зайнутдинов, Ричард Алмейда (Серікжан Мужиков — 71′), Кабананга (Рангело Янга — 62′), Постников;

«Яблонец»: Грубы, Говорка, Хюбшман, Ганоусек, Поважанец, Травник, Лишка, Долежал, Соболь (М. Кратовчиль — 72′), Йовович (В. Кубиста — 89′), Голеш.

Голдар: Педро Энрике (18′), Е. Постников (88′) Б. Зайнутдинов (авт. — 41′).

Сары қағаздар: Педро Энрике (55′), М. Аничич (78′); В. Йовович (28′).

Төреші: Истван Влад, көмекшілері: Истван Альберт, Балаж Серт (Венгрия).

«Астана Арена» стадионы.