«Астана Опера» театрының жетекші солисі Тайыр Гатауов жол апатынан қаза болды

0
0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

35 жастағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов жол апатына түсіп, қаза болды

АЛМАТЫ, 10 маусым – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Тайыр Гатауов 36 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Театрдың хабарлауынша, Тайыр Гатауов 10 маусымда көз жұмды. Белгілі әртіс жол апатына түскен.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гатауов Тайыр Талғатұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты қайғырып, туған-туыстарына көңіл айтады», – делінген «Астана Операның» Facebook желісіндегі хабарламасында.

Әлеуметтік желі пайдаланушылары да әртістің қаза болуына байланысты көңіл айтты.

«Үлкен қайғы…. Қазақстан дарынды балет әртісін жоғалтты, екі кішкентай қыз әкесінен айырылды. Тайырды бала кезінен, хореографиялық училищеде оқыған кезінен бастап білемін. Көз жасым тоқтар емес. Тайырдың анасы, жары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын», – деп жазды Алма Игібаева.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров әртісті бала күнінен білетінін жазды.

«Қамшының сабындай ғана қып-қысқа дүние-ай…», – дейді бабаларымыз. Фәни жалғаннан құйрықты жұлдыздай жарқырап өнер әлеміндегі ініміз Тайыр Гатауов өтті. Тайыр бала кезінен көз алдымызда өсті. Әкесі Талғат Ғазизұлы Орал өңіріндегі жетекші хореографтардың бірі болғандықтан, Тайыр кішкене кезінен балет өнеріне іңкәр болды. Қазақстан өнерін халықаралық аренада дәріптеуге жас болса да өлшеусіз еңбек етті. Әкесі мен анасына қайғырып көңіл айтамын. Өмірлік серігі Әсел келінімізге көңіл айтамын. Өте ауыр қаза. Алла Тағала алдынан жарылқасын! Соңында қалған қос қызғалдағына Жаратушы ұзақ ғұмыр бергей! Тайыр ініміз жарқылдаған, мейірімді бауырымыз еді… Бес күн жалған дүние-ай… Қош, Тайыржан», – деп жазды Маемиров.

Тайыр Гатауовтың өмірбаяны

Тайыр Гатауов 1984 жылы Оралда дүниеге келген. А. В. Селезнева атындағы Алматы хореографиялық училищесін үздік бітірген (2003), М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да «педагог-хореограф» мамандығы бойынша (2007) оқыды, Қазақ ұлттық хореография академиясында «өнертану ғылымдарының магистрі» (2018) біліктілігін алды.

2003-2013 жылдары Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі болды. 2007 жылы Миландағы Ла Скала театрында тағылымдамадан өтті. 2013 жылдан бастап «Астана Опера» балетінің жетекші солисі.

Көптеген кәсіби марапаты бар.

«Дон Кихотта» – Базиль, «Бақшасарай фонтанында» – Вацлав, «Аққулы көлде» – Зигфрид, «Щелкунчикте» – Щелкунчик-ханзада, «Баядерка» балетінде – Солор, «Спартак» балетінде – Красс, «Ұйқыдағы аруда» – Дезире, «Қарагөзде» – Нарша, «Ромео мен Джульетта» балетінде Ромео секілді әлемдік деңгейдегі күрделі партияларды орындады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз