«Астана Опера» театры «Богема» спектаклін ұсынады
Опера әлемінде ең танымал туындының либреттосын А.Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» романы бойынша Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика жазған болатын.
«Астана Опера» театрында 9 қаңтар күні Дж.Пуччинидің «Богема» жауһар операсы өтеді. Осы кеште театр солисі, Вена консерваториясының түлегі Мәдина Исламова Мюзетта партиясында дебют жасайды, деп хабаралайды Елорда Инфо театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, сопрано Мәдина Исламова тыңдармандарға «Богема» опералық спектакліндегі ең басты бейнелердің бірін өз интерпретациясында ұсынады. Мюзетта рөлінде сахнаға шығу әртіске өз қабілетін вокалдық шеберлік тұрғысынан ғана емес, драмалық әртіс ретінде де ашуға мүмкіндік береді. Кейіпкердің мінез-құлқы сан қырлы: назды, жеңілтек, ерке, қыңыр, алайда соған қарамастан шынайы, мейірімді, пысық, қажырлы Мюзетта қиын жағдайда шыдамдылық пен табандылық танытады.
Опера әлемінде ең танымал туындының либреттосын А.Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» романы бойынша Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика жазған болатын. Алғаш рет 1896 жылы 1 ақпанда Туринде «Реджио» театрында орындалды, «Астана Опера» театрындағы тұсаукесері 2014 жылы 13 сәуірде өтті.
Басты партияларды «Астана Операның» жетекші солистері орындайды: Айгүл Ниязова (Мими), Медет Шотабаев (Рудольф), Сүндет Байғожин (Марсель), Евгений Чайников (Шонар), Шыңғыс Расылхан (Коллен), Талғат Ғалеев (Бенуа), Болат Есімханов (Альциндор), Бейімбет Таңарықов (Парпиньоль), Нұрлыбек Қоспармақов (Кеден сержанты).
«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры дирижер Джузеппе Акуавиваның (Италия) жетекшілігімен өнер көрсетеді. Қоюшы режиссер – Юрий Александров, режиссер – Наталья Кагадий, бас хормейстер – Ержан Дәуітов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/