Астана мен еліміздің сегіз облысында ескерту жарияланды
Демалыс күндері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жел күшейеді, тағы екі өңірде еріген қар суы тасуы мүмкін
АСТАНА, 2 наурыз — Sputnik. Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы бұзылады.
Астанада 3 наурызда қалың тұман түсіп, көктайғақ болады, ал желдің екпіні 20 м/с.
Батыс Қазақстан облысында төменнен соққан боран болып, көктайғақ және тұманнан жол жүру қиындайды, деп хабарлады «Қазгидромет» метеоқызметі.
«Қазақавтожол» ЖШС мәліметі бойынша, Орал – Тасқала ауылы – Ресей шекарасы және Казталовка – Жәнібек ауылы жол учаскелерінде көлік қозғалысы тоқтатылады.
Солтүстік Қазақстанда да ауа райы дәл осындай. Өңірде жауын-шашын мол түсіп, желдің екпіні 23-28 м/с болады.
Қостанай облысында 2 наурызда боран соғып, тұман және көктайғақ болады.
Ақтөбе облысында көктайғақпен бірге боран болады және желдің екпіні 15 м/с-қа жетеді.
Қызылорда облысында, синоптиктердің болжауынша, сенбі күні тұман түсіп, көктайғақ болады.
Түркістан облысында қатты жаңбыр жауып, күн күркірейді, жел соғады.
Алматы және Қарағанды облысында еріген қар суы тасуы мүмкін.
sputniknews.kz