«Астана» мен «Барыс» спорт клубтарын «Самұрық-Қазына» қаржыландырады

0

Қазақстанда спортқа қыруар қаражат бөлу арқылы жемқорлықтың түрлі схемалары әлі де жалғаса беретін сияқты. Өйткені бұл үкімет «Астана» мен «Барыс» спорт клубтарын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен қаржыландыруды биыл да мақұлдап жіберді. 

Ендеше, футболдың «Астанасы» биыл да ел чемпионы атанады, хоккейдің «Барысы» маусым аяқталысымен командадан кеткен шетелдік ойыншылардың орнын басқа да қымбат шетелдіктермен толықтырады дей беріңіз.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (келісу бойынша) Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен 2021 жылы: 1) «Астана» кәсіби спорт клубы» корпоративтік қорын қаржыландыруды; 2) Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі арқылы денешынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруды; 3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін, деген қаулыға қол қойылып, ол құжат ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Құжатқа қол қоюдың мақсаты ретінде «Астана» кәсіби спорт клубы» корпоративтік қорын қаржыландыру қажеттігі аталыпты. Ал бұл кәсіби спорт клубының құрамына жаңағы «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» велокомандасы, «Астана» баскетбол клубы кіреді.

Ең сорақы шындықтың бірі – қаптаған «Астаналар» халықаралық жарыстарда қанша жерден бүкіл әлемнің чемпионы атанса да, одан Қазақстан халқының жағдайы түзеліп, айлығы көтеріліп кетпейді ғой. Тек сол «Астаналарды» жағалап жүрген шенді-шекпенділер мен шетелдік легионер спортшылар ғана қызығын көреді. Әне, «халыққа пайдасыз спорт» деген де болады екен және оны тек қазақстандық шенеуніктер ғана ойлап таба алады екен.

Айтпақшы, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында кәсіби спортқа қыруар ақша шығындау мәселесіне жеке тоқталып, «Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», ­­– деген болатын.

Ендеше, бұл қалай? Президенттің тапсырмасы жерде қалғаны ма?

ТазаEл.kz