Астана күні ұсталғандар жайлы не белгілі?

0

Алматы тұрғыны Әлфия Тәшімова 19 жастағы інісін шілденің 6-сы күні кешке полиция ұстағанын Азаттықтың тікелей эфирінен кездейсоқ көріп қалған. Інісін таныған соң жалма-жан құқық қорғаушылар мен ақпарат құралдарына хабарласып, көмек сұраған.

— Жан-жақтан бәріне жазып, ақпарат сұраған едім. Бір адвокат маған хабарласып, «ініңізді үш сағаттан артық ұстамайды, босатуы тиіс» деді. Түнгі бірдің кезінде інімнің өзі шығып, Instagram-нан «мені босатты, бәрі жақсы» деп жазып жіберді. Бірақ қазірге дейін телефоны өшіп тұр, — деді інісінің жағдайына алаңдап отырғанын айтқан Әлфия Тәшімова.

Шілденің 6-сы күні Қазақстанда астана күні аталып өтіп жатқанда елдің ірі қалаларында азаматтар наразылыққа шығып, қазіргі биліктің саясатын сынаған еді. Полиция «жәй қыдырып жүрмін» деген азаматтарды да ұстаған.

Әзірге қанша адам ұсталғаны, әкімшілікке жазаға тартылғаны туралы нақты дерек жоқ. Жергілікті полиция департаменттері я ішкі істер министрлігіне сілтейді я жауап бермейді. Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігі шілденің 7-і күні Азаттық тілшісіне қажет ақпаратты әзірлеп жатқанын хабарлады.

Видео: Алматыдағы ұстаулар (6 шілде 2019 жыл).

ҚАМАУ МЕН АЙЫППҰЛ

Адвокаттар мен құқық қорғаушылардың дерегі бойынша, қазіргі кезде Алматыда астана күні ұсталған бірнеше адам 10-15 күнге қамалып, айыппұл салынған:

  • Әнуар Данияров — 10 күн;
  • Өткірхан Малыбай — 15 күн;
  • Қанат Тұрдалиев — 10 күн;
  • Ханзада Райымқұл — 35 350 теңге айыппұл салынған;
  • Болатбек Сұлтанов — («жеңілдетілген өндіріс» бойынша ісі қаралып, 6 мың теңге төлеуі тиіс);

Адвокат Разия Нұрмашеваның айтуынша, олардың басым бөлігіне «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) бойынша айып таққан. Сот отырыстары түн ортасында болған.

Белсенді Серік Әбішев Facebook-тағы парақшасында Алматыда ұсталған Данияров пен Тұрдалиевтің Нұр-Сұлтаннан қалаға қонақ болып келгенін, оларды Қазақстан жалауын көтеріп, «Қазақстан, алға!» деп айғайлағаннан кейін полиция ұстағанын жазды.

Әзірге өзге қалаларда қанша адамның әкімшілік жазаға тартылғаны туралы дерек жоқ.

ҰСТАЛҒАНДАРҒА АДВОКАТТЫ КІРГІЗБЕГЕН

Адвокат Разия Нурмашева шілденің 6-сы күні кешкі 8-де ұсталған азаматтардың өтініші бойынша Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына барған. Бірақ ол жаққа оны кіргізбеген. Оның айтуынша, сонда жүрген азаматтар Бостандық ішкі істер басқармасында 45-47 азамат отырғанын айтқан.

— Әуелі кезекші прокуророды шақырдым. Кезекші прокурор келді. Мені не үшін кіргізбей жатқанын анықтауға уәде берді. Сосын мүлде жоғалып кетті. Содан кейін оған 50 рет хабарласқан шығармын. Ол екі рет қана тұтқаны көтеріп «өзім қайта хабарласам» деді. Сүйтіп жоқ болды. Полиция бастығына кіруге талпындым. 102-ге хабарластым. Полиция департаментіне хабарластым. Барлық жерде «иә, анықтаймыз» деді. Бірақ артынша жоқ болады. Осылайша мені кіргізген жоқ, — деді адвокат.

Оның айтуынша, ұсталғандарды 7 шілдеде түнгі сағат бірден бастап біртіндеп шығара бастаған.

— Бөлімшеде ұсталғандар адвокатты талап еткен. «Құқық қорғаушылар келсін» деген. Бірақ бөлімше сыртында мен тұрсам да оларға «адвкоат тек кешкі алтыға дейін жұмыс істейді, оның қызметіне жүгіне алмайсыздар» деген, — дейді ол.

Оның айтуынша, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген азаматтардың басым бөлігін полиция босатқан. Тек бес алты адамды сотқа апарған.

Құқық қорғаушы Данияр Хасенов түнгі сағат 11 шамасында қаладағы полиция бөлімшелерін аралап көрген. Оның айтуынша, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында — 100 адам, Медеу аудандық ішкі істер басқармасында — 40-50 адам, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасында 45 шақты адам болған. Оны бөлімшеге кіргізбеген. Полициядан босатылып, сыртқа шыққан азаматтар оған осындай деректі жеткізген.

Астаналық белсенді Бота Әлжанованың айтуынша, шілденің 6-сы күні кешке Нұр-Сұлтанда Байқоңыр және Алматы аудандық ішкі істер полиция басқармасына шамамен 200 шақты ұсталған адамды жеткізген. Бұл деректі ол куәгерлер сөзіне сүйеніп айтады.

— Олар алты автобустың толы күйінде кеткенін көрген. Бірінші Байқоңыр, сосын Алматы және басқа бөлімшелерге апарса керек, — деді ол Азаттық тілшісіне.

«ҚЫЛМЫСКЕР СИЯҚТЫ САУСАҚ ТАҢБАСЫН АЛДЫ, СУРЕТКЕ ТҮСІРДІ»

Әлеуметтік желіде ұсталғандардардың мәселесіне байланысты құрылған түрлі топта астана күні ұсталғандардың көбі бірнеше сағаттан соң босатылғаны жазылған.

Шымкенттегі Әл-Фараби алаңы маңында ұсталған белсенді Данияр Байтілеу шілденің 6-сы күні кешке өзімен бірге отыз шақты адамды Абай аудандық полиция бөліміне жеткізгенін айтты. Оны алаң маңындағы орындыққа демалып отырған жерінен азаматтық киім киген бейтаныс адамдар қолын қайырып, бүйрегінен ұрып, көлікке тыққан. Полиция бөліміне барғанда өзі сияқты алаңда ұсталған азаматтарды көрген. Олардың арасында балалы әйелдер де болған. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп, қызметкерлер жедел жәрдем қызметін шақыртуға мәжбүр болған.

— Ұсталғандардың саусақ таңбаларын алып, қылмыскер сияқты суретке
түсіріп, түсініктеме жаздырып босатты, — дейді Данияр Байтілеу.

Қала тұрғыны Оралбай Билалилов пен әйелі Нүрила Құралбаеваны полиция көлігіне отырғызып, Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне апарып, онда төрт сағат ұстаған. Түсініктеме жаздырып, саусақ іздерін алып, суретке түсірген.

— Бізбен бірге кем дегенде отыз адамды полиция бөліміне жеткізді, — дейді Оралбай Билалилов.

Ұсталғандардың көбі осы жолы бөлімшеде саусақ таңбасын алып, суретке түсіргенін айтты. Inka Rokerovna деген атпен тіркелген аккаунт иесі Facebook-тағы парақшасында Алматының Алмалы аудандық басқармасынан босатылған соң былай деп жазды:

«Қазіргі кезде босатты. Қылмыскерлер сияқты суретке түсірді. Саусағымыздың таңбасын алды. Шамамен бес сағаттай ұстады. Оксана Шевчук, Гүлзипа Жаукерова және Жазира Демеуованың ұсталғанына қарсылық білдіргім келген. Тіпті сөзімді де айтып үлгермедім».

Сенбі күні кешке Оралда белсенділер Бауыржан Әліпқалиев, Аслан Сагутдинов, «Уральская неделя» басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров, журналист Алексей Воробьев, Алматыда оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің ұсталғаны хабарланған. Кейінірек оларды босатып жіберген.

Шілденің 6-сы күні кешке ірі қалаларда өткен наразылық шарасынан ақпарат таратқан Азаттық тілшілеріне маска киген қолшатыры бар белгісіз біреулер кедергі жасап, Нұр-Сұлтанда газ баллонын қолданды. Бейәдеп сөздер қолданып, қоқан-лоқы жасаған. Мұны көріп тұрса да, полиция еш шара қолданбаған.

Azattyq