Astana Hub қалай жұмыс істеп жатыр
Фото: Нұржас Жақсыбай
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 26 қарашада БАҚ өкілдері ресми ашылғанына бар-жоғы 20 күн ғана болған Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің жұмысымен танысты.
БАҚ өкілдері Astana Hub ғимаратына экскурссия жасады. 4 қабатты ғимаратқа қоныстанған технопарктің әр қабатының өзіндік ерекшелігі бар екен. Бірінші қабатта жаңадан келген стартаптарды көруге болады. Оларға Astana Hub-тың мамандары арнайы әдіснама бойынша таңертеңнен кешке дейін сабақ өтеді. Сондай-ақ, бейресми форматта кездесулер өтетін холлдар бар. Мұндай орындарда мобильді қосымшалар әзірлеушілер, шағын ұйымдар тегін кездесу өткізеді.
Бірінші қабат инкубатордағы, яғни идея сатысындағы жаңа пайда болған стартаптар. Жұмыс орны әзірге оларға тегін беріледі. Бұл жерде олар кәсіби мамандармен кездесіп, жобаларын іске асыру үшін әртүрлі трекерлерден тәжірибе алады.
«Astana Hub-қа келуді қалайтындар арнайы сайтымызға кіріп өтініш бере алады. Өтініштерді трекерлер мен мамандар іріктейді, технопарк қызметкерлері әділдік болуы үшін тікелей қатыспайды. Қатысушылар келген соң олар осы жерде қалып қояды деген сөз емес, біз оларды қадағалаймыз, ақылдасамыз. Әрбір команданың нәтижелерін күн сайын қадағалап отырамыз. Егер команда мұнда келмесе, жұмыс істегілері келмесе, нәтиже көрсетпесе, өкінішке қарай, олар орнын босатады. Бір байқағанымыз, стартаптар бұл жерден кеткісі келмейді, жаңа идеямен осында жұмыс істегісі келеді», — деді Astana Hub PR-маманы Айгүл Шернияз.
Қазір халықаралық технопаркте 100-ден астам стартап бар. Оның 25-і екі рет акселератордан өткен, яғни үш ай бойы трекермен жұмыс істеген.
Бірінші қабат идея үшін болса, екінші қабат – портативі, сатылымы, инвестициясы бар бір саты жоғары стартаптарға арналған. Сонымен қатар бұл жерде шеберхана лабораториясы орналасқан. Санжар Мырзағалымның айтуынша, арнайы заманауи құрылғылармен жабдықталған бұл жерде 3D принтермен әртүрлі бұйымдар жасауға болады.
Халықаралық технопартке стартаптар екіге бөлінеді: Hardware және Software. Hardware – роботтар, VR-көзілдірік, қолға ұстай алатын прототиптер болса, Software – сайт, мобильді қосымша, онлайн сервис.
«Жақында ғана ресми ашылуы өтті. Елбасы дәл осы жерде ресми бастамасын жасады. Бұл жерде өте көп шаралар өтеді. Цифрландыруға жауап беретін бес вице-министр осы жерде апта сайын IT қоғаммен, стартаптармен кездесіп, шешімдер ойластыруға талпынады. Бұл орын IT-ге қатысты адамдарды бір жерге жинап, мәселе талқылап, шешімге келуі үшін жасалған. IT шаралар өткізетіндерге залды бере аламыз», — деді Айгүл Шернияз.
ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің коворкингі аптасына жеті күн 24 сағат жұмыс істейді. Мұнда идея сатысындағы стартаптар да, сонымен бірге акселератордағы стартаптар да бар. PR-маманның сөзінше, олардың жұмыс кестесі әрқалай. Тіпті күндіз-түні тынбай жұмыс істей береді.
Ғимаратта стартап қатысушыларын жігерлендіру үшін жоғарыға ІТ гиганттардың суреті ілінген екен. Марк Цукерберг, Илон Маск, Стив Джобс, Билл Гейтс, Джек Ма секілді әлемнің ең мықты иноваторларын көргенде болашақта Қазақстанның технопаркінен де ІТ гиганттар шығады деп сенім білдірдік.
Екінші қабат идеядан бір саты жоғары акселератордағы стартаптарға арналған. Мұндағы стартаптар – клиенттері, сатылымдары, инвестициялары бар стартаптар. Олар үш ай бойы интенсивті оқытудан өтіп, көрсеткіштерін бірнеше есе ұлғайтқан. Сондай-ақ, технопаркте әлемдегі ірі компаниялардың өкілдіктері жұмыс істейді. Болашақта осы өкілдіктер лабораторияларын ашып, стартаптармен жұмыс жасауды көздеп отыр.
Дәл осы қабатта «Қазақстан бокчейн қауымдастығы» орналасқан. Олардың мақсаты – стартаптарға блокчейн технологиясын үйрету. Блокчейн лабораториясы осы технологияға деген қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ стартаптарға білім беруге бағытталған.
Технопаркте әйгілі «Нокиа» компаниясы кездесу өткізуге арналған тегін кофеханасын ашқан екен. Мұнда стартаптар бір-бірімен сөйлеседі, идея алмасады, сондай-ақ танымал тұлғалармен жиі кездесулер өткізіледі.
Үшінші қабатта деңгейі төмен қабаттағы стартаптардан жоғарыра жобалар орналасқан. Олар ІТ компания деген лауазымға жақындаған, құрамында 20-30 қызметкерлері бар стартаптар.
Төртінші қабатта мемлекеттік-жеке әріптестік бойынша орналасқан ІТ компаниялар жұмыс істейді. Сондай-ақ, Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің қызметкерлер отыратын жерді көрдік. Онда барлығы 30 қызметкер ашық кеңістікте отырып жұмыс істейді. Олардың жартысы өндірістік қызметпен, қалғаны құжаттармен айналысады.
Еске сала өтейік, 2018 жылғы 6 қарашада Мемлекет Басшысының қатысуымен Astana Hub технопаркінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Astana Hub технопаркі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бесінші бағыты- инновациялық экожүйелерді дамыту бойынша құрылған болатын
Технопарктің жаһандық миссиясы – инновациялық жобаларды дамыту орталығы және әлемнің түпкір-түпкірінен жас және талантты ІТ-мамандарынының маңызды тобын тартатын орталық болу. 2018 жылғы ақпанда Astana Hub бастапқы міндеттерді орындау бойынша – аксеретаттау және инкубациялау, инфрақұрылымдар қалыптастыру, отандық және халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату, заңнаманы жетілдіру сияқты жұмыстарын бастады.
Қазіргі уақытта Astana Hub аумағында 150-ден астам стартап өз жобаларын іске асыруда. Оның ішінде 22 жоба – акселераттау бағдарламасының бітірушілерінікі, қалғандары Astana Hub-тың инкубация қатысушылары.
Фото: Нұржас Жақсыбай
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ