Астана әуежайында жолаушыдан маймыл шешегі анықталды: Министрлік мәлімдеме жасады
Желіде Астана әуежайына ұшып келген жолаушыдан маймыл шешегі анықтылды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа қатысты денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті желіде тараған ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, жалған ақпаратты тарату кезінде маймыл шешегінің келуіне қарсы әрекет етуге дайындық бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығуда түсіріліген видеосы пайдаланылған.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда маймыл шешегі ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмегенін, сондай-ақ шетелдерден жұқтырып келу жағдайларының да тіркелмегенін мәлімдеді.
Қазір Қазақстанға маймыл шешегінің әкелінуін болдырмау мақсатында өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген. Ал жалған ақпарат таратқан тұлғалардың материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.
Еске салсақ, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі маймыл шешегінің өршуіне және аурудың жылдам таралуына байланысты шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасаған еді. Министрлік мәліметінше, маймыл шешегі – Poxviridae тұқымдасына жататын вирустық ауру. Аурудың инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Негізгі клиникалық белгілері: қызба, бөртпе, тамақ ауруы, бас ауруы, бұлшықет және арқа ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі.