«Астана аруы — 2018» анықталды
2018 жылғы 12 желтоқсан 23:22 42
АСТАНА. ҚазАқпарат — Астананың ең сұлу аруы атағына елорданың 20 бойжеткені өзара бақ сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен 20 ару бір апта бойы қалада өткен түрлі әлеуметтік, спорттық және қайырымдылық шараларына қатысты. Оның ішінен ақтық сынға жетеуі жолдама алды.
Биылғы байқаудың ерекшелігі, отбасылық дәстүрлер және нағашы жұрты бойынша сабақтастыққа арналды. Яғни, қатысушылар таныстыру сәтінде өздерінің аналары, әжелері және нағашы жұрты туралы баяндап, олардан жеткен отбасылық және тәрбиелік құндылықтар туралы әңгімелеп берді.
Салтанатты кешті танымал тележүргізуші Динара Сәтжан мен белгілі әнші Бүркіт жүргізді, сондай-ақ, олармен жұпта көрермендер залындағы «Хабар» телеарнасының тележүргізушісі Нұрсұлтан Құрманғали де атсалысты.
Қазылар алқасы мүшелерінің қатарында отандық танымал қолөнерші Ырза Тұрсынзада, боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, музыкант әрі композитор Ерлан Көкеев, ID брендінің дизайнері Зарина Ақшолақова, Faces клубының арт-директоры, тележүргізуші Әсел Ақасова, фотограф Данил Потоп-Поличинский және «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының директоры Алена Ривлина-Қырбасова болды.
«Мен бұған дейін де көптеген сұлулық байқауларына қатысып, қазылар қатарынан көрініп жүрмін. Мен үшін аруларды бағалаудағы басты талабым біреу ғана, ол — қыздарымыздың рухы, ұлттық намысының болуы. Одан тыс, аруларымыз еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосса деген тілегім бар. Сұлулық екінің біріне беріле бермейтін қасиетті сый, аруларымыз сол сыйды абыроймен алып жүрсе», — деді байқаудың әділқазылар алқасының төрайымы Ырза Тұрсынзада.
17 жасар, Қазақ технология және бизнес университеті «Дизайн»мамандығының І курс студенті Еркеназ Сейфулла «Астана аруы- 2018» байқауының жеңімпазы атанды. Оған «Қазақстан аруы-2019» байқауына қатысуға жолдама берілді.
«Мен үшін күтпеген нәтиже, сондықтан жеңімпаз атанғанымды әлі сезіне қойған жоқпын. Осы тұрғыда отбасыма, достарыма және барлық мені қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Бұған дейін өзім оқитын университетте өткен сұлулық байқауына қатысып Гран-приді жеңіп алғанмын», — деп өз әсерімен бөлісті Еркеназ Сейфулла.
Сондай-ақ, Астананың жаңа аруы кітап оқығанды ұнататынын және ендігі мақсаты «Қазақстан аруы» байқауына лайықты түрде қатысу екенін айтып өтті.
Одан бөлек, байқауда Александра Беглова №1 вице-мисс Астана, Сәния Мергалиева №2 вице-мисс Астана және Диана Ыдырысова №3 вице-мисс Астана атанды.
Сайыс барысында жұлдызды қонақтар Рүстем Жүгінісов, Рахат Лукум мен Vox Acapella топтары кеш сәнін кіргізіп ән шырқады.
Аталған шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді. Айтып өтсек, байқаудың билет сатылымдарынан түскен қаржы Аружан Саинның қайырымдылық қорына аударылады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz